Аққұдықтағы шаруашылықтар

Қазір шаруалардың жұмыс жасауына ешқандай кедергі жоқ. Мемлекеттен мейлінше қолдау көрсетіліп тұр. Соның арқасында көптеген шаруа қожалықтары еңсесін тіктеп, жұмыстарын жүргізіп отыр. Хромтау ауданындағы «Кәусар», «Ерұлан» шаруа қожалықтары асылтұқымды мал өсіруге бет бұрып, шаруашылыққа қажетті техникаларын біртіндеп жаңартып жатыр.

«Ерұланның» ертеңі

Асылтұқымды мал басын арттыру — ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта ауданда жұмыс жасап жатқан шаруашылықтар баршылық. Мәселен, Аққұдық ауылдық округінде 2011 жылы ашылған «Ерұлан» шаруа қожалығы асылтұқымды мал басын арттыруға кірісті.

Бүгінде аталған шаруашылық біртіндеп таза асылтұқымды мүйізді ірі қара санын көбейтуді көздеп отыр. Бұл жөнінде шаруа қожалығының басшысы Ерлан Төлепберген: «Біздің қожалық бастапқыда мемлекет тарапынан 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, соның арқасында шаруашылықтың іргетасын қаладық. Алдағы уақытта ірі қараны толық асылдандыруды жоспарлап отырмыз. Қазір «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ангус тұқымды бұқаларды жалға алып, содан алған төлдер арқылы шаруашылықтағы ірі қара басын толық асылтұқымды ету бағытында жұмыс жасап жатырмыз», — дейді.

Ет бағытында еңбектеніп жүрген шаруашылық әзірге өнімдерін жәрмеңкелерде саудалап, жақын ауылдарға соғым уақытында сатуға шығарады. Ірі қарадан кейін жылқы малын асылдандыру ойларында бар. Мемлекет жәрдеміне сүйенетін қожалық ауылшаруашылық саласына қажетті техникаларын да жаңартып үлгерген. 2014 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның несиелендіруімен жаңа «Беларус-82,1» тракторын алса, кейіннен тағы да су жаңа «Беларус-82,1» тракторымен және «ПРФ-180» шөп буғышымен толыққан. Бүгінде жүк тиегіш трактор алуға құжаттар дайындап жатқан жайлары бар.

Жазда малын жайлауда ұстайтын шаруашылық қыс айларында Аққұдық ауылында қыстайды. Ол үшін 2014 жылы Аққұдық ауылынан шағын қора салған. «Ерұлан» шаруашылығы 2400 гектар жайылым мен 800 гектар шабындықты жаңа техникалармен еркін игеріп отыр. Бүгінде шаруашылықта 230 сиыр, отызға тарта жылқы, елу  шақты қой бар.

Ерланның айтуынша, шаруашылықта жұмыс күші тапшы. Сондықтан мұндай жұмыстарды отбасымен атқаруға мәжбүр. «Егер жұмыс істеуге ниеттілер табылса, бірнеше тұрақты жұмыс орнын ашар едім», — дейді ол.

«Кәусардың» келешегі

Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылған «Сыбаға»  мемлекеттік бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға жұмылдырып, ірі қара өсіруде бәсекелестік пен инфрақұрылымды қалыптастыруды мақсат тұтады.

Аққұдық ауылындағы «Кәусар» шаруа қожалығы — «Сыбаға» бағдарламасына қатысқан шаруашылықтардың бірі.  Шаруашылық аталған бағдарламамен етті бағытта ірі қара алып, соның арқасында қожалықтың қазығын қаққан. 2015 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бұл шаруашылық қазір қазақтың ақбас тұқымын өсірумен шұғылданады. Бастапқыда мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған қазақтың ақбас сиыры санаулы ғана болатын. Қазір шаруашылық жайылымында асылтұқымды ірі қараның саны жүзге жетіпті. — Шаруашылыққа тиесілі жайылым және шабындыққа арналған 1000 гектардай жеріміз бар. Мемлекет қолдауымен жылдық үстемеақысы төмен пайызбен несие алу арқылы ауылшаруашылық техникаларымызды жаңарттық. Мал азығын дайындауда жаңа техникаларымыз жұмыс күшін еселей түсті, — дейді шаруа қожалығының басшысы Анарбек Дүйсен.

Бүгінде бұл шаруашылық асылтұқымды мал басын көбейтіп, қой өсіруді қолға алып отыр.

 Нұрсұлтан ҚАЗИХАНҰЛЫ,

Хромтау ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған