Балдырғандар ықыласы

1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Еркем-ай» балабақшасында «Елімнің бағы — Елбасы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Басты мақсат — жас ұрпаққа Мемлекет басшысының өмір жолын, Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында сіңірген еңбегін таныстыру. Сондай-ақ олардың бойына ұлттық патриотизмді сіңіріп, отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіру.

Шарада балабақша тәрбиеленушілері Президент күнімен құттықтап, өлең шумақтарын оқыды. Балғын бишілер мың бұрала би билесе, енді бірі ән шырқады. Сонымен қатар балалар әкелерімен бірге ұлттық ойындар сайысына қатысып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

— Менің немерем 5 жаста. Бұған дейін де немерелерім осы «Еркем-ай» балабақшасында тәрбиеленді. Мұнда бүлдіршіндердің сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Оқу-әдістемелік құралдар да жеткілікті. 

Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында ұстаздар қауымына, балабақшалардағы сапалы білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді. Мұның барлығы ұстаздар үшін үлкен қолдау деп түсінемін, — дейді ата-аналардың бірі Бибігүл Қазиқызы.  

Айта кетейік, «Еркем-ай» балабақшасы 2012 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ашылды. Бүгінде 3-6 жас аралағындағы 360 тәрбиеленуші қазақ және орыс топтарында білім алып жатыр. Балабақшада қосымша бассейн, хореография, ағылшын тілі үйірмелері, басқа да сауықтыру жұмыстары жүргізіледі.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған