БІРЛІККЕ, ЕҢБЕККЕ ҮНДЕГЕН ЖАСТАР ФОРУМЫ

 

27 қараша күні қаламыздағы №8 орта мектебінің акт залында ауданымыздағы үздік, дарынды, талантты, білімді жастардың қатысуымен «Жігерлі жас» тақырыбында жастар форумы өтті. Оған аудан әкімі Бауыржан Қаниев, депутаттар, ардагерлер, бөлім, мекеме, мектеп басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

Форумға қатысушылар аудан әкімі бастаған ауданның ең белсенді және дарынды 16 жас өренін зал төріне құрметпен, қошеметпен шығарды. Форумды жүргізуші жастар жалынды үнмен:

— Достар, Елбасының Жолдауы бойынша 2019 жыл — Жастарды қолдау жылы болып жарияланды! Біз үшін келер жыл жетістікке толы жыл болмақ. Бүгінгі күн — талантты, жігерлі, өзіне сенетін, арманға бай және оларды жүзеге асыруға күш-қуаты жететін жастардың уақыты! Біздер басқаға жалтақтамайтын еркін, мәртебелі, болашағы бар, бақытты да мүмкіндіктерге толы мемлекетте өмір сүрудеміз! — деді.

Форумға жиналған жастар: «Біздің ұранымыз — «Жастық! Жігер! Еңбек!» — деп ұрандады. Өлкемізге өз өнерлерімен танылып жүрген «Қорған» триосы «Елім менің» әнін шарықтатты.

Аудандық ішкі саясат бөлімі жанындағы аудандық жастар ресурстық орталығы және «Жас Отан» жастар қанатының бірлесе ұйымдастыруымен Елбасымыздың «Жастар жылы» деп жариялаған Жолдауын ауданымызға қарасты барлық 12 ауылдық округтің жастарына ұғындыру мақсатында аудан орталығынан «Жастар эстафеталық туы» жолданған екен. Осыған орай сол 12 округте жастармен өткізілген іс-шаралар залдағы жастарға бейнекөрініс арқылы көрсетілді.

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев сөз алып, «Жігерлі жас» жастар форумына қатысушы аудан жастарын алдағы жылы Елбасының Жолдауы бойынша бастау алатын «Жастар жылымен» құттықтады.

— Біздің болашағымыз — жастар, Елбасынан бастап, бүкіл ел өркениетке жетелейтін білімді де талантты, жалынды да жігерлі жастарға сенеді. Ауданымызда 50 мың халық болса соның 28 пайызы жастар. Жастармен көп істер тындырылып жатыр, биылғы жылдың   өзінде «Zhas Рroject» әлеуметтік жобасының қолдауымен қайтарымсыз гранттар ұтып алған 17 жас өз кәсіптерін ашып, іске кірісті, өз қатарларын жұмысқа тартты. Бұндай белсенді жастарды қолдаймыз, көмегімізді береміз, — деді аудан әкімі.

Сонымен бірге аудан әкімі алдағы 2019 жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аталып өтетініне тоқталып, осы мерейтойға орай шалқарлықтардың тартуы ретінде Ақтөбе қаласының көрнекті жерінен ғимарат салуды жоспарлап отырғанын жеткізді, «әрине, бюджеттен тыс кәсіпкердің ақшасымен бой көтереді», — деді. Салынатын дүние сәнді де көрікті болуы керек, ол байқау арқылы таңдалмақ. Аудан басшысы дарынды жастарды осы байқауға қатысып, өз жобаларын ұсынуға шақырды.

Б.Қаниев биылдың өзінде жастар үшін Мәдениет үйлері, шағын стадиондар, саябақтар пайдалануға беріліп жатқанын, мәселен, Шалқар қаласында жаңаша түрге енген орталық саябақ, заман талабына сай күрделі жөндеуден өткен «Факел» стадионы шалқарлықтарды үлкен қуанышқа бөлегенін атап өтті. «Біздің аудан өткен жылды 430 миллион теңге табыспен аяқтағанының арқасында осындай игі істерді атқаруға қол жеткізді, биылғы жылды да 250-300 миллион теңге табыспен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни, алдағы жылы да халыққа пайдасы тиер жұмыстар атқарылатын болады», — деді.

Бұдан соң аудан әкімі Шалқар ауданы көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған маңызды іс-шараларға етене араласып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына елеулі үлес қоса отырып, ауыл және қала жастарының ынтымақтастығын арттыру, жастар арасында азаматтық пен қазақстандық патриотизмді дамыту бағытындағы ұйымдастыру жұмыстарында белсенділік танытқан «Үздік мектеп жастары» аталымы бойынша №5 мектеп-лицейін және «Үздік қосымша білім беретін мекеме» аталымы бойынша Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебін марапаттады. Сонымен қатар, дарынды да талантты 10 жасқа Ықылас хатын тапсырды.

Кішіқұм ауылдық округінің жастары ауданымыздың 12 округінен жүріп өткен «Жастар эстафеталық туын» аудан әкімі Бауыржан Қаниевке табыстады.

Облыстық жастар саясаты басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Нұрсұлтан Елеуов шығып сөйлеп, шалқарлық жастардың іскерлігін, ауызбіршілігін, ынталылығын жоғары бағалады. Жастарды қолдап, Шалқар өңірінде көптеген игі істердің жүзеге асуына ұйытқы болған аудан әкімі Бауыржан Қаниевке жастар атынан алғысын білдірді. Алдағы жылы «Жастар жылы» аясында Шалқар өлкесінде жастар үшін көптеген жақсы істердің атқарылатынына сенетінін айтты.

Бұдан кейін мінбеге Халықаралық әдеби оқулар сайысының екінші орын иегері, жаратылыстану бағыты бойынша пәндік олимпиададан бірінші орын иегері, «Алтын белгіге» үміткер Ақмерей Балғабаева, математика пәні бойынша V Халықаралық олимпиадасының бірінші орын иегері, «Жас Ұлан» ұйымының ұланбасы Баубек Рамазан, республикалық, облыстық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы, «Алтын белгіге» үміткер Мөлдір Сағымбаева бастаған ондаған жалынды жастар мінбеге шығып, келер жылы «Жастар жылы» аясында атқарылса деген өздерінің жобаларын ұсынды. Әсіресе, «Жасыл қала», «Жас депутаттар корпусы», «Жастар театры» жобалары жиналған жастар көңілінен шықты.

Аудан жастарының атынан аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жанна Абденова Үндеу жариялады.

Сахнаға білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Нұрлан Майкупов шығып, аудан жастарының бүгінгі жалынды сөздеріне, жігерлі қимылдарына риза болып отырғанын жеткізіп, «Атамекен» әнін әуелетті. Форумға қатысушы жастар орындарынан тұрып, патриоттық әнді қосыла шырқап, «Жасай бер, жайнай бер, Қазақстан!», «Жастар Елбасымен бірге!», «Жаса, Қазақстан! Алға Қазақстан!» деп ұрандатты.

Осы шара барысында №8 орта мектебінің  дәлізінде «Zhas Рroject» жобасы аясында грант ұтып алып,  кәсібін бастаған жастардың жұмыстары таныстырылды.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған