Көлге 14 мың балық жіберілді

 

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясының аясында ембілік шаруа Есен Бұрқанов туған жері Құмсай ауылдық округіндегі Айна қара су көліне карп тұқымынан 14 000 шабақ балық жіберді.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға баса назар аудартып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы  «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуын міндеттеді. Облыс көлемінде жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге тағзым» акциясының да мақсаты туған жер перзенттерінің ықыласымен ауыл мен қаланы көркейтуге бағытталған. Жуырда Қарғалы ауданындағы «Ардағым» бекіре балық шаруашылығынан карп тұқымынан 14 000 мың шабақ сатып алған ембілік Есен Бұрқанов  «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде ел ырысын еселей түсті. Айта кетейік, Есен Бұрқанов 2012 жылы «Даму қоры» арқылы несие алып, «Мерген»  шаруа қожалығын ашқан еді. Содан бері ол ауданның ауылшаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан елеулі ердің бірі. Бүгінде еңбек иесінің шаруа қожалығында 100 бас ірі қара, 400-ден астам қой өсіріліп жатыр. Шаруа қожалығын одан әрі дамытуды мақсат еткен Есен Бұрқанов биылғы жылдың жаз айында қосымша «Мерген» балық шаруашылығын ашты. Қазіргі таңда Құмсай ауылдық округіне қарасты Айна қара су көлінде балық түрлерінің сапасын арттыруға ерекше ден қойып, қорды молайту жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған