Көжекті кәсіп қылған Думан

Қоян асырап, көжек баптауды кәсіп қылған Қандыағашта кішкентай кәсіпкер бар. Қарапайым мектеп оқушысы болса да, дәстүрлі емес ауылшаруашылықтың бұл түрін өзінің шамасына қарай дөңгелетіп отыр ол бүгінде. Не бәрі 13 жастағы жас шаруа болашақта жылқы шаруашылығын армандайды.

Біз әңгімелегелі отырған Думан Алпысбай Қандыағаш қалалық №3 мектеп гимназиясының 8-класс оқушысы. Мектептен келе сала түскі асын ішкеннен кейін қорадағы шағын шаруашылығына кірісіп кету оның былтырғы жылдан бергі ермегі. Тордағы қояндарына жем-шөбін салады, суын береді, көжектерін сыртқа шығарып ойнатып алады.

-Сабақтан кейінгі бос уақытымды осы қорада өткіземін. Одан қалды 6 жыл бойы шұғылданып жүрген таеквандомен жаттығуға барып тұрамын. Негізі «YouTube» желісінен қояндарды қалай өсіруге болатындығы жайында бұған дейін видеоларды көп қарайтынмын. Бірте-бірте өзімнің де қоян ұстағым келді. Ойымды әжеме айтып, екеуміз іздеп жүріп өткен жылдың қыркүйек айында бір айлық 5 көжек сатып алдық. Қыста екеуі өліп қалды. Әйтеуір, үшеуін әупірімдеп баптап өсіріп, екеуі көжектеді. Сөйтіп ақырындап көбейе берді. Жалпы қоян бір жылда 6 немесе 7 рет көжектейді. Әр көжектеген сайын 2 немесе 10-нан астам көжек туады. Сөйтіп көжектерін сата бастадым. Байқағаным өтімді келеді. Бір айлық көжектің бағасы 1000 теңге. Одан әрмен айына байланысты қымбаттайды.. Көжектерді сатып, «Виликан» және «Бабочка» сынды екі түрлі тұқымнан тағы көжектер сатып алдым. Бұлар ерекше тұқымды қояндар. Мәселен, «Виликан» тұқымды қоян етті келеді. Оның ересегі 6-7 келі тартады. Бүгінде, 30-дан астам қояным бар. Жалпы бұл шаруа әжем екеуміздің ермегіміз, – дейді Думан Алпысбай.

Шағын шаруашылығын 5 көжектен бастаған ол қазір тек қоян шаруашылығын емес, біртіндеп ешкі шаруашылығын да қолға ала бастады. Қояннан түскен табысын жинап, екі ешкі сатып әкелген.

-Өзім мал шаруашылығын жақсы көрем. Мектеп бітірген соң ауылшаруашылық училешесіне түссем бе деймін. Ал оған дейін осы шаруашылықтарыммен тәжірибе жинаймын. Жақында екі ешкі алдым. Өйткені, ешкілер де тез көбейеді. Жоспарым осы екі ешкінің басын көбейтіп, болашақта жылқы алғым келеді. Жылқы шаруашылығымен айналысуды қатты армандаймын, – дейді жас кәсіпкер.

P.S. Қаршадай баланың бұл талабы мен талпынысы бүгінде бос уақыттарын қалай өткізерін білмей жүрген жастардың барлығына үлгі боларлық іс. Тіпті, тепсе темір үзетін қауқары болса да жұмыссыздықты сылтау етіп, үйінде жамбастап жатқан ересектерге де сабақ. Кәсіптің несібесін ерте түсінген Думанның қадамынан үлкен шаруаның иесі болатындығы көрініп-ақ тұр. Өз қатарынан оза шапты деген осы.

Әнуар ЕСҚАРА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған