ҚР Тұңғыш Президенті күні: мерекелік шаралар қайда өтеді?

1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған шаралар Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде аталып өтіледі. Мереке күні облыс орталығында бірқатар қоғамдық және өнеркәсіптік орындар ашылып, түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, Тұңғыш Президент күнін ақтөбеліктер биыл да ерекше атап өтпек.

— Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шаралардың көпшілігі «Еркін елдің ертеңі», «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыбында қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарында, мектептерде басталып кетті. Барлық білім ордаларында Мемлекет басшысы туралы фильмдер көрсетіліп, тәрбие сағаттары мен кітап көрмелері жоспарға сәйкес өтіп жатыр. Сондай-ақ студенттер арасында волейбол, шахмат, мини-футбол секілді спорт түрлерінен жарыстар өтуде, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Айтулы күннің құрметіне өтетін шаралардың шеруі жоспар бойынша 29 қарашадан басталады.

Бұл күні Ақтөбе қаласының екі ауданында мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасаған ардагерлер мен жас мемлекеттік қызметшілердің кездесу кеші ұйымдастырылып, грек-рим күресінен қала чемпионаты, шайбалы хоккей турнирі ұйымдастырылады.

Ал 30 қараша күні Батыс-2 ауданында бой көтерген Жекпе-жек сарайында «Мәңгілігін мәнерлеген Елбасы» атты салтанатты мерекелік бағдарлама өтеді. Сондай-ақ Ақжар-2 және Батыс-2 аудандарында жаңа балабақшалар пайдалануға беріліп, қала тұрғындары үшін «Әлия» базары аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

— Мерекелік шаралардың негізгі бөлігі, әрине, ақтөбеліктердің және қала қонақтарының қатысуымен 1 желтоқсан күні өтеді. Бұл күні қаламыздың бірнеше жерінде, атап айтар болсақ, «Астана» саябағында, Ақтөбе Арбатында, Пушкин атындағы саябақта, Металлургтер мәдениет үйі мен Шығармашылық академиясында, Орталық базарда, «Нұр Ақтөбе» мен Батыс-2 аудандарында концерттік бағдарламалар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады. Және мерекелік шараға келушілерге тегін ыстық тамақ пен шай беріледі. Ал сол күні кешкі сағат 18.00-де Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Елбасының сүйікті әуендері» атты концерт-спектакль ұсынылады, — дейді К.Айдарханова.

Тағы бір айта кетері, Тұңғыш Президент күніне орай тек 1 желтоқсан күні қаламыздағы ірі сауда орындары «Анвар», «Дина» супермаркеттерінде әлеуметтік маңызы бар 19 тағам түріне 10%-дық жеңілдік қарастырылған.

— Айтулы күннің барша ақтөбеліктер үшін маңызы мен мазмұны ерекше екендігі сөзсіз. Халық алдында, мемлекет алдында толағай тірлік атқарған Президент күнін атап өту — үлкен қуаныш, зор мәртебе. Бұл күні ұйымдастырылатын мәдени шаралар барысында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Сондықтан қала қонақтары мен тұрғындарын Тұңғыш Президент күніне арналған шараларды бірге тамашалауға шақырамыз, — деді қала әкімінің орынбасары.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған