Құрсайдағы кооператив

Қобда ауылдық округіне қарасты Құрсай ауылында өткен жылы құрылған «Береке-бірлік» ауыл шаруашылық-өндірістік кооперативі биыл 15 гектарға бау-бақша өнімдерін еккен.

Атап айтсақ, картоп, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, баклажан, қауын-қарбыз, т.б. Нәтижесінде кооператив картоптың әр гектарынан 45 центнерден, сондай-ақ қауын-қарбыздан, көкөніс түрлерінен мол өнім алыпты.

Кооператив басшысы Қалабай Мамелековтің айтуынша, қазіргі таңда кооператив құрамында 20 адам бар. Сондай-ақ 200 гектар жайылымдық, 50 гектар егістік жер бар.

  • Былтыр да, биыл да кооперативке ірі қара сатып алуға несиеге құжат жинадық. «ҚазАгроГарант» акционерлік қоғамы арқылы 6 миллион теңге несие алып, 30 ірі қара сатып алғымыз келеді. Болашақта ірі қара санын көбейтіп, ет, сүт бағытында мал шаруашылығын дамытуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауыл маңынан алған жерімізге баз салып, шаруашылықты дамыту үшін жағдай жасамақпыз. Егер кооператив өз жұмысын дамытса, ауылда құрамына кіретін шаруалар аз емес, — дейді кооператив басшысы.

Мамандығы экономист Қалабай Мамелеков ауыл шаруашылығын жақсы біледі. Сондықтан алдағы уақытта кооперативті жан-жақты дамыту үшін бар күшін салмақшы.

Айта кету керек, бүгінгі күні Құрсай ауылында 40-қа жуық үй бар.

Данагүл ҚАЗИХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған