Тағылымды сабақтастық

Конференция

Сейсенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  ғимаратында облыс әкімдігі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Мұстафа Шоқай аманаты және мұраттар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алматқа арналған оқу кабинеті ашылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Оқу кабинеті ашылды, кітаптың тұсаукесері өтті

Конференцияға жиналған қауым алдымен кезінде Мұстафа Шоқайдың қамқорлығын көріп, шетелде жүрсе де қазақтың музыкасына ерекше үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби скрипкашысы Әлім Алматқа арналған оқу кабинетінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

1917 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келіп, биылғы жылы Түркия елінің Стамбул қаласында 101 жасында дүниеден озған Әлім Алмат (шын есімі — Ғалымжан Әбдісаламов) — атақты сардар Алмат Тобабергенұлының шөбересі.

Салтанатты шарада университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында университеттегі дәрісханалар мен оқу кабинеттеріне белгілі тұлғалардың есімін беру дәстүрі жалғасып жатқандығын, Әлім Алматқа арналған кабинеттің ашылуына Махановтар әулеті ерекше қолдау көрсеткенін атап өтті.

Бұдан кейін аталған кабинетте әйгілі скрипкашы туралы жазылған «Әлім Алмат: өмірі мен өнері» атты еңбектің тұсаукесері өтіп, оны кітаптың жауапты редакторы Бекарыстан Мырзабай жиналғандарға кеңінен таныстырды.

Айта кету керек, аталған еңбек ширек ғасыр бойы Стамбул симфониялық оркестрінің скрипкашысы болған Әлім Алматтың өмір тарихын қамтиды. Кітапта ол туралы зерттеулер, аудармалар, естеліктер мен сұхбаттар қамтылған. Кітаптың авторы — Күлпаш Ілиясова.

Мұстафа Шоқай мұрасы — ұрпаққа аманат

Білім ордасының үлкен оқу залында өткен конференцияны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров жүргізіп, жиналғандарға Мұстафа Шоқайдың өмірі мен оның мұрасы жайлы кең мағлұмат берді. Сондай-ақ ол университет басшылығы атынан Әлім Алматтың ұрпағы Роман Рахиевке «Жұбанов» төсбелгісін табыс етті.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов облыс әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, конференцияға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

— Еліміз егемендік алғаннан кейін біздің ғалымдар мен тарихшылар үлкен еңбек атқарып келеді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста Алаш қозғалысының төл перзенті Мұстафа Шоқайдың тарихын зерттеп, бүгінгі күні өңірдегі белгілі тарихшылар жан-жақты еңбек етіп жатыр. Конференцияға Өмірзақ Озғанбаев, Сабыр Қасымов, Түркиядан келген шоқайтанушы Әбдіуақап Қара сияқты құрметті қонақтардың қатысуы бүгінгі шараның маңызы мен салмағын көрсетеді. Әрине, ұлы қайраткердің еңбек жолдары ұрпаққа үлгі, ал мұралары болашақ ұрпаққа мұра болып қалады. Мұстафа Шоқай — қысқа ғұмырында Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов сияқты Алашорда қайраткерлеріндей қазақ елінің бостандығын армандаған біздің қазақтың біртуар қайраткері. Сөз соңында осы бағытта жасап жатқан игі жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін шарада республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай Мұстафа Шоқай өз өмірінде Түркістан өңірінде алғаш автономия құрылса, ол құрылғаннан кейін түрік мемлекеті болса деп армандағанын, алайда ол кездегі билік бұған мүмкіндік бермегенін, соған қарамастан ұлы қайраткер бүкіл өмірін түркі дүниесін біріктіруге арнағанын атап өтті.

— Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы жылдарында, шетелде жүрген кезінде әр ұлттың басшылары біріккен сәттерде бірінші орынға ұлттық мәселені емес, жалпытүркілік мәселені қою керек деген ұран тастады. Бірақ өмірдің өз заңы бар, түрлі жағдайлар болды, соңы құпия, белгісіз өлімге дейін ұшырасты, — деді ол.

Конференцияда ұлт мұраты үшін күрескен, қазақ халқының ғана емес, түркі халықтарының бірлігі мен ынтымағын аңсаған ұлы қайраткер Мұстафа Шоқай туралы философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов, Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қарасаяси ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Мұстафа Шоқай» ғылыми‑зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірреспубликалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының төрағасы Сабыр Қасымов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет баяндама жасап, оның мол мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тəрбиелеуге қызмет ететіндігін жеткізді.

Сондай-ақ шара барысында «Әлем таныған тұлға» ғылыми монографиясы мен «Мұстафа Шоқайдың 12 томдық мұралары» жинақтарының таныстырылымы өтіп, жиналғандар аталған еңбектердің мән-маңызы жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

 Данагүл ҚАЗИХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған