Жұмыскерлер мүддесі — басты назарда

Облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Комиссия отырысында қаралған мәселелердің бірі — облыс әкімдігі, жұмысшылар бірлестігі және  кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған келісім. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қолданыстағы келісімге қосымша енгізу ұсынылды. Яғни, аталған келісім табысы төмен санаттағылардың жалақысын көтеру, сондай-ақ олардың босатылуына жол бермеу туралы ережемен толықтырылды. Бұл —  Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіру туралы айтқан тапсырмасы негізінде жүзеге асырылған шара.

— Бүгінгі таңда арнайы құрылған аймақтық жұмыс комиссиясы осы бастамаға кіретін 77 мың адамды анықтады. Олардың жалақысы 42 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұған қоса табысы төмен жұмысшылардың жалақысын өсіру мәселесі қарастырылуда, — деді О.Смағұлов. Үшжақты комиссияның отырысында шешім  бір ауыздан қабылданды. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразаев жұмыс берушілердің қызметін жариялау, еңбек қатынастары саласындағы ахуал және шетелдіктердің қатысуымен  жұмыс жасайтын компанияларда жұмысшылардың еңбек құқықтарын іске асыру кезіндегі кемсітудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы хабарлады. Оның айтуынша, жұмыс берушінің қызметін жариялау ережелеріне сәйкес, 28 кәсіпорын сенім сертификатын алыпты. Алайда еңбек заңнамасын өрескел бұзғаны үшін екі куәлік кейін қайтарылған.Олжас Смағұлов екі жылда 26 кәсіпорынның сенім сертификатын алуы төмен көрсеткіш екенін, сондықтан да келер жылға  осы куәліктің әлеуетті үміткерлерінің тізіміне қарап мақсатты индикатор құру қажеттігін ескертті. Жалпы алғанда, аймақта еңбек қатынастары саласындағы жағдай қалыпты. Бірақ кейбір  кәсіпорындар жалақы бережағы болғандықтан, соған байланысты әлеуметтік шиеленістер пайда болыпты. Жалпы сомасы 67,5 миллион теңге қарызы бар кәсіпорындар — «Қызылжар-2030», «Аска Экспо Центр», «Жаңатас Ақтөбе» ЖШС және «Су шаруашылығы» мекемесі. Үшжақты комиссия отырысында аталған кәсіпорынның өкілдері еңбекақыны кешіктірудің себептерін түсіндіріп, 10 желтоқсанға дейін өз жұмысшыларына жалақы төлейтіні турасында уәде берді.  Банкроттық рәсімдерден өтіп жатқан 5 кәсіпорында 174 еңбеккердің жалақысы бойынша берешек — 74,8 миллион теңге. Жыл басынан бері 25,6 миллион теңге сомасындағы қарыз банкрот болған мүлікті сату есебінен өтеліпті. Белгілі болғандай, жыл басынан бастап жалақы бойынша 449,5 миллион теңге сомасында берешек өтелген.  — Жұмыс берушілердің мәліметінше, соның ішінде мұнай-газ саласында, аймақта жұмысшыларды жұмыстан босату мен жұмыс орындарын қысқарту, әзірге жоспарларында жоқ, — деді ол.    Сондай-ақ комиссия отырысында «Батыс Қазақстан медиация және келіссөздер орталығы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Әлия Құртаеваның баяндамасы тыңдалды. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, кәсіпорын басшыларына, уәкілетті мемлекеттік органдарға еңбек жанжалдарының пайда болуына себеп болатын жағдайларды жедел қарау турасында тапсырма жүктелді. Оларға мүдделі тұлғаларды тарту және медиация институттарының нормаларын қолдану ұсынылды.  

Гүлсім НАЗАРБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған