Жомарт жүректер

 «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында Саралжын селолық округінде «Ауылым —алтын бесігім» атты Ауыл күні өтті. Шараға бұған дейін туған ауылды көркейтуге атсалысқан, елге әркез бүйрегі бұратын жерлестер және аудан қонақтары шақырылды.

Күре жолдың бойында орналасқан саралжындықтар әуелден белсенді. Округ әкімі Абат Қаратауұлының айтуынша, осы шараны өткізуге бірінші құлшынған — ауыл  тұрғындары мен сыртта жүрген жерлестері. Туған ауылға деген жанашырлығын іспен көрсеткен түлектер қазіргі қоғам сұранысына сай қажетті нысандарды ашуға үлесін тиізді. Соның бірі — мектеп жанындағы балалар алаңы. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген мектеп директоры Кенжебай Қазмағамбетов «Бақытты бала» жобасымен үндескен алаңға демеушілік көрсеткен 1972 жылы туған түлектерге алғысын айтты. Сонымен бірге шараға қатысушылар тағы бір істің куәсі болды: Мұсабековтер отбасы ауылда шағын хоккей алаңын салып берді. Одан кейін орталық саябақта аналар құрметіне салынған ескерткіш ашылды. Ескерткіш жанындағы қос тақтаға көп балалы батыр аналар, елге еңбек сіңірген нәзік жандылар мен қайсар әйелдердің суреттері қойылған.

Осынау шарапатты шараларға қатысқан аудан басшысы Дастан Сағыров ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асырғаны үшін 4 адамды «Жомарт жүрек» номинациясымен марапаттады.

Олар — белді кәсіпкерлер, ауылға әрдайым атбасын бұрып, қажет кезінде демеушілік танытатын атымтай жомарттар. Жеке кәсіпкер Өміржан Қалиев пен «НССтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Хамит Қарабалин ауылда көп жылдан соң салынып тұрған ірі нысан — клубтың ішкі жұмыстарына үлестерін қосты. Жалғасбай Мұсабеков ауылға хоккей алаңын салып берді. Сондай-ақ, ол жергілікті диқан Спартак Төремұратовтың бақшасында болып, оның «Көкталды» алма баққа айналдырғысы келетін жоспарына қолдау болатынын айтқан еді. Бұйырса, алма бағының қоршауын өз мойнына алып отыр. Абыл Сатай туған жердегі шараға сонау Алматыдан арнайы келді. Абылдың ауылда жаңадан салынған клубқа өз қалтасынан 500 мың теңге шығарып, су жаңа музыкалық  аппараттар алып беруі — клуб жұмысының жандануын, болашағын ойлағаны.

Сонымен қатар «Ардақты ана» номинациясымен Жаңылсын Тойшыбаева және «Туған өлке» номинациясымен ауданды дамытуға үлес қосқан облыс орталығында және өзге аудандарда тұратын бірқатар жерлестер мен белсенді жастар марапатталды.

Ауыл күнінің аясында ауылдан шыққан, бұқаралық спорттың дамуына зор үлесін қосып жүрген Оңғар Таниқұловтың 60 жасқа толу құрметіне орай волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылды.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған