Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

«Қабыл ал балаңның, сәлемін жолдаған…»

Қоғамдағы көп нәрсенің орнын алақандай смартфондар алмастырған заманда ешкімнің қолына қаламсап, алдына парақ алып хат жазып отырмасы анық. Бірақ бар ойыңды жинақтап, сағынышыңды сыйдырып, жаураған талай жүректі жылытатын хаттың қадірін біздің аға буын өте жақсы біледі. Түсінеді. Әсіресе баласынан хат алған ананың қандай сезімде болатынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Жылдағы дәстүр бойынша Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз «Анаға хат» айдарын ұйымдастырған едік… Редакцияға келіп түскен бірқатар ақтөбеліктің аналарына арнап жазған хаттарын бірге оқиық.

Астана қаласы 5573-әскери бөлімі  Спандияр Орынбаевтан

Шалқар ауданы Мырзағұл Шыманұлы ауылының тұрғыны

Жанат Иманбаеваға

 Қайырлы таң, анашым!

Мен бүгін күндегіден ерте оянып, мереке қарсаңында таңмен таласа өзіңізге хат жазуды ұйғардым. Барлық сарбаздар ұйықтап жатыр.

Ауыл-ел аман ба? Әкемнің денсаулығы қалай? Менде барлығы жақсы. Бүгін әскерге келгеніме 84 күн болды. Темірдей тәртіпті талап ететін әскери өмірге де үйрендім. Жаңа достар таптым.

Астанаға көктем кеш келетінін білесіз ғой… Бізде әлі қыс. Арасында қар аралас жаңбыр жауып қояды. Қазір де жаңбыр жауып тұр. Терезеге тамған тамшы сыбдыры, ауылға деген сағынышымды одан бетер арттырып жібергендей.

Ауылды, сендерді сағынып жүрмін. Бірақ бөрі мен ердің азығы жолында дейді ғой. Ер-азаматтың Отан алдындағы міндетін барымша зор абыроймен атқарып, елге аман-сау қайтуға уәде беремін!  

Хат жазудағы басты мақсатым — өз амандығымды жеткізіп, сізді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтау еді. Мені өмірге әкеліп, осы күнге жеткізгеніңіз үшін сізге алғыстан басқа айтарым жоқ. Сізге деген жырымыз, әніміз, тілегіміз ешқашан таусылмауға тиісті, таусылмайды да.

Қазір сәлден соң «Подъем!» пәрмені беріледі. Одан кейін әскердегі өмірімнің тағы бір күні басталады. Жиі хат жазып тұруға уәде беремін. Сіздер де хат жолдап тұрыңыздар.

Бетіңізден сүйдім. Амандықта қауышқанша. Тағы да мерекеңіз құтты болсын!

Сәлеммен, өзіңнің кішкентай Спандиярың.

 

Иран Ислам Республикасы Нұрлан Дәрімнен анасы Раушан Дәрімоваға

Сәлеметсіз бе, анашым!

Ұлыңның өзіңнен жырақта жүргеніне де 2 жыл болыпты. Өзіңізбен күнде әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, видеоқоңыраумен жүзіңізді көріп отырғаныммен 8 наурыз мейрамы қарсаңында сәлемімді ақ параққа түсіріп, тосын сый жасағым келді.

Біздің елде әдетте мерекелердің барлығы наурыз айынан бастау алады ғой… Қалада қарбалас болып жатқан шығар? Ақтөбе мен Астананың ауа райы қалай болып тұр?

Тарихы 5 мыңжылдықты құрайтын Иранда күн жылынды. Күн райы — +18 С.

Өзіңіз білетіндей, ирандықтар парсы, ислам және григориан күнтізбесін пайдаланады. Әйелдер күнін 1 қаңтар күні атап өтеді. Бүгін күнтізбеде 8 наурыз тұрғанымен, күнмен таласа тұрып, жұмысқа бара жатырмыз. Сіздер мерекеге орай демалып жатқан боларсыздар?

8 наурызды бала кезімнен ерекше жақсы көремін. Бұл күн  бар күшін перзенті үшін жұмсап, бақ-дәулетін баласы деп білетін сіз секілді миллиондаған аналар қауымының мерекесі ғой. Мерекеңіз құтты болсын!

Әрқашан жүзіңізден мейірім нышаны кетпей, айналаңызға нұрыңызды шашып, аналық бақытқа кенеліп жүре беріңіз!

Ал біз сіздің бақытты болуыңыз үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасауға дайынбыз!

Сәлеммен, өзіңнің Нұрланың!

Ырғыз ауданы Ақши ауылының тұрғыны Қожабекова Таняға

 Сәлем бердік, апа!

Жағдайыңыз жақсы ма? Асқар тау әкемнің денсаулығы қалай? Арынғазы інім сабағы мен жаттығуына үлгеріп жүр ме? Жалпы ауыл-аймақ аман ба?

Менде бәрі жақсы. Күнделікті телефонмен байланысып отырғанмен, қолға қалам алып, амандық хат жазуды ұйғардым.

Сізді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын! Аялы алақаныңыздың жылуы кетпесін. Бізді айналып-толғанар сәтіңіз таусылмасын.

Сіздің ақ сүтіңіз бен әкеміздің ақылының арқасында жаман болмадық, адам болдық. Бүгінгі күнім үшін Сіздерге сансыз қарыздармын.

«Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген әдемі өлең жолдары бар емес пе еді. Сол секілді есейіп, сіздерден алыстаған сайын сіздердің қадірлеріңізді ұғынып жатқандаймыз. Жатсам да, тұрсам да Алладан өздеріңіздің амандықтарыңызды тілеймін!

Анашым, сізге мереке қарсаңында жағымды жаңалығым бар. Бұйырса, көп ұзамай қолыңызды жылы суға салатын келіндеріңізді апаруға уәде беремін.

Өздеріңізді қатты жақсы көремін. Амандықтарыңызды тіледім!

Сәлеммен, ұлың Әлішер.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Хамиля Төлеуоваға

Қайырлы таң, анашым!

8 наурыз қарсаңында сізге хат жазайын деп шештім. Қай жерде жүрсем де тілегімді тілеп, әрдайым мен үшін дұғада екеніңізді сеземін. Бала кезімнен бастап сіздің махаббатыңызды, ақылыңызды, өнегеңіз бен тағылымыңызды бойыма сіңіріп келем. Сіздей АНАМ бар екеніне Аллаға шүкір етемін әрі мақтанамын! Әкем екеуіңіз — менің ең басты тірегімсіздер! Бүгінде өмірімнің нұры, көңілімнің гүлі — ұлым мен қызыма да жақсы тәрбие беріп, барлық жылуыңызды арнап жатырсыз. Бозторғай жаныңыз балапандарыңыз үшін шырылдап, мамықтан жұмсақ алақаныңызбен әрдайым баршамызға күш-қуат беріп келесіз! Сондықтан мен мықты болуға, әлі де Сіздерді қуантуға тиіспін! Аман болыңыз, АНА! Сіздей АНА тек менде ғана! Ғұмырыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын!

Арманыңыздың арманы көп. Сол армандарымның орындалған сәтіне төрт көзіміз түгел жетейік! Мен Сізді шексіз жақсы көремін!

Тағы да мерекеңізбен!

Сізге деген зор құрметпен, Қобда ауданында қызметте жүрген балаңыз Арман.

Ақтөбе қаласы №51 мектеп-гимназияның оқушысы Қарақат Жәрдемовадан анасы Айнұр Жалмағанбетоваға

Қайырлы таң, анашым. Сіз бүгін де ерте тұрып, інім Мирастайды балабақшаға алып кеттіңіз. Ал мен әжемнің қасында қалып, 8 наурыз қарсаңында әдемі тақпақ жаттап алдым.

«Аялаған мені ән қанатыңмен,

Құттықтаймын сені салтанатыңмен.

Бақытты ғой, заман қандай көңілді,

Мен тілеймін саған ұзақ өмірді».

Қандай керемет сөздер! Мен секілді анасын қатты жақсы көретін ақын жазған болса керек. Өзіңіз үнемі айтып отыратындай, әрбір бала үшін анасы  әлемдегі ең сұлу адам ғой. Мама, менің сізге деген махаббатым ерекше. Сіздің ылғи жанымда болғаныңызды қалаймын. Сабаққа да, қосымша үйірмелерге де сізбен бірге барып, сізбен бірге қайтқым келеді. Бірақ сіз інім Мирастай екеуміздің тәттілер мен ойыншықтарымызды алып беру үшін күнде жұмысқа барасыз.

Біз сіздің жұмыстан шаршап келетініңізді білеміз. Сондықтан үнемі сіздің көңіл күйіңізді көтеруге тырысамыз. Сабағымды беске оқып, әжеме үй шаруасына көмектесемін. Ал Мирастай балабақшадан келе сала ойыншықтарын жинап қояды.

Мен хат жазғанды қатты жақсы көремін. Жаңа жылдағы сыйлығым онша ұнамады. Мүмкін, жазған хатым Аяз атаға жетпеді ме екен?.. 8 наурыз қарсаңында өзіңізге арнап жазғым келді. Бұрын балабақшаға баратын кезімде әріптермен тезірек дос болсам, анама мерекесі қарсаңында хат жазып, өзімнің ыстық ықыласымды жеткіземін деп ойлайтын едім. Міне, бүгін сол бір қуанышты сәт туды. Кішкентай Қарақатың алфавиттегі 42 әріпті меңгеріп, анасына деген сәлемін ақ параққа түсіріп отыр.

Мен тезірек өсіп, жұмыс істеп, айлық алғым келеді. Сол кезде  әжеме, папам екеуіңе, Мирастайға керемет сыйлықтарды алып беремін. Бұл жолғы мерекеңе де  кішкентай сыйлығымды дайындап жатырмын.

Барлығы үшін рақмет сізге, Мама!

Сәлеммен, Қарақат!

Адам баласы өмірінде ең болмағанда бір рет өз қолымен бес түрлі хат жазып көруге тиіс екен. Оның бірі — жаныңа жақын жанды қуанышымен құттықтайтын құттықтау хаты болса, екіншісі — шалғайдағы ағайынның қайғысына ортақ екеніңді білдіретін көңіл айту хаты.

Сондай-ақ кез келген адам болашаққа да хат жазып, өткені мен алдағы жоспарыларын саралап алғаны жөн екен. Шын сүйе білген адам міндетті түрде ғашығына хат жазатындығы айтпасақ та белгілі. Ал бесінші хатын адам міндетті түрде ата-анасына жазуға тиіс.

Ал сіз хат жазып көрдіңіз бе?

Хаттарды жинақтаған Ақерке САТЫБАЛДЫ.