Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Қарғалының ірі шаруа қожалықтары әлеуметтік мәселені шешуге 500 млн теңге бөледі

Қарғалы ауданының ірі шаруа қожалықтары ауылдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және дамытуға 500 миллион теңге бөледі, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz

Қарғалы ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдерімен, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Президент тапсырмаларын орындау мақсатында Ақтөбе облысы республикада алғаш болып ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын бастады.
Жоба жүзеге асса, ауылда жұмыс орындары құрылып, мал мен құс саны артып, қатысушылардың табысы екі есеге көбейеді. Біз жауапкершілікпен жұмыс істеуге дайын ауыл тұрғындарының жобаларын жүзеге асыруға барлық көмекті көрсетеміз», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов сондай-ақ «Білім All», «Абаттандырылған ауыл» өңірлік жобаларын іске асыру, облыстағы елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Кездесу барысында Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев пен ірі шаруа қожалықтарының басшылары жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 8 меморандумға қол қойды.
Қол жеткізілген келісімдер аясында «Степное» ЖШС Ащылысай, Степное, Қайрақты ауылдарындағы орта мектептердің 240-тан астам оқушысын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыруға жәрдемдеседі. «ТАС-Қарғалы» ЖШС Бадамша ауылының 5,2 шақырым кентішілік жолына орташа жөндеу жүргізеді, «Дилэнд» ЖШС Әлімбет ауылындағы 10 аз қамтылған отбасының үйлеріне көгілдір отын тартуға қаржылай көмек көрсетеді, Велиховка және Жосалы ауылдарының тұрғындарын жеммен қамтамасыз етеді. «Велиховка» ЖШС орталық көшені ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Велиховка ауылын абаттандырса, «Арман» ШҚ Петропавл ауылында спорт кешенін салады, «Рассвет» ШҚ көшені жарықтандырады, қажет болған жағдайда елді мекендерді абаттандыру үшін арнайы техника бөлмек.
«Көктас» ЖШС өз қаражатына Ақкөл, Бозтөбе ауылдарының көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізеді, Бозтөбе ауылының орта мектебін өз қамқоршылығына алады. «Байқұла» ШҚ Қос-Естек орта мектебін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және Бадамша ауылында Workout алаңын орнатады.
Жалпы, ауданның әлеуметтік мәселелерін шешуге 500 млн. теңге бөлу жоспарлануда.

Ақерке САТЫБАЛДЫ