Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды

Қала мен ауданнан жиналған кәсіпкерлер тоқыма бұйымдары, балалар ойыншығы жасау, сүт өнімдерінен жасалған тағамдарды көрмеге қойды.
Жүз жаңа жоба көрмесі кәсібін енді бастағандар үшін таптырмас мүмкіндік. Қала мен ауданнан келген кәсіпкерлер өздері жасаған дүниені көпшілікке ұсынды. Көрмеден ұлттық бұйымдардан бастап, ауыл шаруашылығы саласына қажетті өнімдерді табуға болады. Көпшілігі мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін енді бастағандар. Мәселен, Ақтөбе қаласында тұратын Шынарай Табынбаева тары талқан дайындап сатады. Мемлекеттен 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Бұл қаражатқа қажетті жабдықтар сатып алыпты.
Ал Ырғыз ауданынан келген Ерзат Тынымқали кір сабын өндіретін цех ашқан. Бес айдан бері цех аудан тұрғындарына қажетті өнімді шығарып жатыр. Айына 3-4 тонна сабын шығарады. Ерзат шикізатты аудан орталығынан алатынын айтты.
Ырғыздық Жомарт Медғатқасым калифорниялық шылаушыннан органикалық тыңайтқыш шығаруды қолға алған.

Ақтөбелік шебер Архат қыз-келіншктерге арналған күмістен әшекей бұйымдар жасайды.
Жобаның басты мақсаты — тұрғындарды жұмыспен қамту, тың идеяларды жүзеге асыру, еңбекққор жандарды үлгі ету. Соңғы бес жылда бес мыңға тарта ақтөбелік мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болған. Биыл да ақтөбеліктерге қайтарымсыз грант бөлінбек.