Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Ақтөбеде соңғы екі айда 16 бала жол апатынан зардап шеккен


Соңғы уақытта кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 бала зардап шеккен. Сондай-ақ 6 адам қаза тапқан.
Мәселен, ағымдағы жылдың 21 ақпанында Самара-Шымкент автожолында жол-көлік оқиғасы орын алып, әкесі мен үш бала қаза тапты.
4 наурызда Шалқар-Бозой автожолының 4-ші шақырымында «Тойота Ленд Крузер» автокөлігін басқарған кәмелетке толмаған бала рульді басқара алмай, көлік аударылды. Нәтижесінде кәмелетке толмаған екі қыз қайтыс болды. Жарақат алған балалар ауруханаға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасының негізгі себептері — жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, атап айтқанда жылдамдықты арттыру және қарсы жолаққа шығу.
Полиция департаменті ата-аналарды кәмелетке толмаған балаларының мінез-құлқын бақылауға және олардың көлік құралдарын басқаруына жол бермеуге шақырады.