Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Ақтөбе облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 20 мектеп салынады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесті, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz

Тараптар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Жобаның мақсаты – мектептерді бірыңғай стандартпен салу және оқушылар орнының жетіспеушілігі мәселесін жүйелі шешу. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.
«Жайлы мектеп» жобасы Ақтөбе облысында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешеді. Біз өз тарапымыздан оны жүзеге асыруда барлық қажетті қолдауды көрсетеміз», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Мәулен Айманбетов ұлттық жоба аясында барлығы 401 жайлы мектеп салынатынын, оның 221-і 2024 жылы пайдалануға берілетінін, қалған 180 мектеп 2025 жылдың соңына дейін аяқталатынын алға тартты.
«Ақтөбе облысында 20 мектеп салу жоспарлануда. 2024 жылы оның 14-і, 2025 жылы 6 мектептің құрылысы аяқталады. Айта кету керек, облыс орталығы мен ауылдық жерлерде салынатын мектептердің арасында ешқандай айырмашылық болмайды, олар бірдей жайлы және заманауи ғимараттар болады», — деді М.Айманбетов.
Кездесу барысында онлайн режимде қатысқан аудан әкімдері, жергілікті құрылыс және жобалаушы компаниялардың өкілдері өздерін толғандырған сауалдарға жауап ала алды, оның ішінде тіркеу тәртібі, жер учаскелері шекараларын белгілеу, жергілікті материалдар мен жабдықтарды өндірушілердің қатысуы секілді басқа да сұрақтар қойылды.