Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Ақтөбеде үш күн қар жауып, тұрғындар әбігерге түсті


Ақтөбеде үш күннен бері қар жауып тұр, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz
Соңғы үш күнде толассыз қар жауды. Қаланың орталық көшелерінің қары ғана тазартылды. Ал шет аудандарда қар тіпті тазартылмаған. Тұрғындар омбылап әрең жүр. Көліктері батып жатыр. Мәселен, қаланың Мәскеу секілді аудандарының халқы алаңдап отыр. Егер қар уақытында алынбаса, көктемде су басу қаупі бар. Тұрғындар жанайқайларын әлеуметтік желі арқылы да жеткізіп жатыр. Мысалы Ақжар-2 шағын ауданының тұрғыны Еркебұлан Бабасов асфальт төселген үш көшенің ғана тазартылғанын айтады.
—Қалған көшелердің қары солай жатыр, аршылмаған. Ол жерде де халық тұрады. Ауданның арғы бөлігінеде Ақжар+ секілді жаңадан салынған тұрғын үй алабы бар. Ол жақта мүлде қар тазартылмайды. Ол жақтың халқы қалай жүріп жатқаны белгісіз. Бүгін таңертең көшеде батып жатқан 5 көлікті көрдім. Қаланың іргесінде тұрыпы, жағдайымыз осындай. Біз Африкада тұрып жатқан жоқпыз. Жауапты мекемелер қыс болатынын, қар жауатынын біледі. Қысқа дайындық болуы керек қой, — дейді Еркебұлан.
Аталған мәселе бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Олардың мәліметінше, қазіргі таңда қала бойынша қар тазарту жұмыстарымен 14 мердігер мекеме айналысып жатыр. Бүгін таңертең 200 техника мен 200-ден астам жұмысшы автожолдарды тазартуға шыққан. Жұмысшылар екі ауысым бойынша, тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қалада 637 шақырым жол, оның ішінде 54 елді мекен бар. Сондықтан қар қалың жауған кезде бірінші кезекте автобус, қоғамдық көлік жолдары, көпір, бұрылыстар тазартылады. Содан кейін ғана екінші деңгейлі көшелер тазартылады екен.