Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Ақтөбеде салынғанына 7 жыл болған үйдің жертөлесі суға толды

 

 

Ақтөбенің Батыс 2 шағын ауданы, Тауелсиздик 13/1 мекенжайы бойынша орналасқан көп қабатты үйдің жертөлесі суға толып кетті, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz.
Суға толған жертөле қауіпті болғандықтан, электр жарығы уақытша өшірілді. Кеше түнде оқиға орнына қала әкімі Мұрат Жөребеков және қалалық тұрғын үй-коммуналдық мекемесі, тұрғын үй инспекциясы, төтенше жағдайлар бөлімі басшылығы барды.
Тұрғындар қала басшысына салынғанына 7 жыл болған үйдің жертөлесі көктем сайын суға толып кететінін, кезінде құрылыс салушы компания үйді тұрғызғанда бұл жерде ағын судың арнасы болуы мүмкін екенін ескермегенін айтып шағымданды.

«Осы жағдай жыл сайын қайталанып, тұрғындар бұл мәселеден зардап шегіп отыр. Біз қазір жертөлені судан тазартып жатырмыз, бірақ бұл уақытша шаралар. Бұл болашақта қайталанбауы үшін тиісті инженерлік шешімдер қабылдайтын боламыз», — деді Мұрат Жөребеков.

Қала әкіміне тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Жертөлені судан тазарту үшін мотопомпалар қойылды.