Ақтөбеде көзі көрмейтін жандар қағаздан эко пакет шығарып жатыр
Қазір көпшілік полиэтилен пакетті пайдаланғанды тәуір көреді. Тіпті ірі дүкендерде, кез келген сауда орталықтарында пластиктен жасалған пакеттерді оңды-солды таратып жатыр. Ал органикалық заттан жасалмайтын, ыдырамайтын пакеттердің қоршаған ортаға, адам денсаулығына тигізер зияны көп. «Қазақ соқырлар қоғамының «Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС директоры Дәметкен Жолмағамбетова AkтobeMedia.kz. тілшісіне мүмкіндігі шектеулі жандардың қағаз пакет шығаруды қолға алғанын айтты.
Кәсіпорын директорының айтуынша, көзі көрмейтін жандар 2019 жылы қағаздан жасалған эко пакеттерді шығаруды қолға алған. «Қазақ соқырлар қоғамы» Қытайдан арнайы жабдық алып береді. Осылайша Ақтөбедегі цехты жөндеуден өткізіп, қағаз пакет шығаруды бастап кетеді. Қазір цех жұмыс жасап жатыр. Екі адам еңбек етеді.
—Елімізде шикізат жоқ. Ресейден алдырамыз. Рубльдің бағасына байланысты қазір қымбаттады. Қағаздың желімін Алматыдан аламыз. Ол да Германияда жасалған. Бағасы арзан емес, — дейді Дәметкен Жолмағамбетова.
Қағаз пакеттердің бағасы 8 теңгеден басталады. Сапасы жоғары. Алғашқы кездегідей емес қазір тұрақты тұтынушылары бар. Қаладағы тамақтану орталықтары тапсырыс береді. Тіпті көрші Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан да тапсырыс берушілер бар. Түскен тапсырыстардың барлығын аталған қоғам өкілдері өздері таратады. Қағаз пакеттен бөлек көліктерге арналған арнайы төсеніштер де шығарады.
—Жұртшылықтың қағаз пакетке қарағанда полиэтилен пакетті алғанды тәуір көреді. Әрине оның бағасы арзан шығар. Бірақ экологияға, адам денсаулығына тигізер зияны көп. Полиэтилен пакетке салынған ыстық тамақ бұзылуға бейім болады. Ал қағаз пакетте сол күйі сақталады. Әрі, қоршаған ортаға зияны жоқ. Көпшілік қағаз пакеттің пайдасын әлі түсінбейді, — дейді Дәметкен Жолмағамбетова.
Күніге 1000 кейде одан да көп пакет шығарады.
«Қазақ соқырлар қоғамының «Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорны» серіктестігіне қарасты екі цех бар. Бірі қағаз пакет шығарса, екіншісі — тігін цехы. Бұл жерде еңбек ететіндердің 70 пайызының көздері дұрыс көрмейді. Соған қарамастан еңбек етіп, қоғамға өз пайдаларын тигізіп жатыр.
Тағы да
Үйлерін су басқан Қаратал ауылының тұрғындары қазіргі жағдайын айтты
100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды
Ақтөбелік әйел араб көйлегін алам деп алданып қалды