Көктем басталса Алға қаласындағы №5 үйдің тұрғындары әбігерге түседі, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz.
Алға қаласындағы №5 үйдің тұрғындары бес жылдан бері зардап шегіп келеді. Көктем мен күзде үйдің төбесінен су ағады. Тіпті аққан су бірінші қабатқа дейін жетеді. Тұрғындар осылай су аға берсе төбесі бір күні құлайтынын айтады. Қабырғаларының бәрі суға жібіп құлап жатыр. Терезенің айналасынан да су ағады. Тұрғындар мәселені айтып әкімдікке бірнеше рет барған. Алайда нәтиже болмапты. Осы үйге 2019 жылы көшіп келген Қазина Дүйсенбаева төбеден аққан судан әбден шаршағанын жеткізді.
—Осы үйге 2019 жылы көшіп келді. Содан бері көрген күніміз — осы. Әсіресе көктемде, күзде төбеден су ағады. Бесінші қабатта тұрамын. Тіпті су қабырғаны жағалап бірінші қабатқа дейін кетіп жатыр. Әкімдікке қанша рет айттық, тіпті суретін түсіріп те жібердік. Барлығы біліп отыр, бірақ ешқандай нәтиже жоқ, — дейді тұрғын.
Ал екінші топтағы мүгедек Манар Бекенова бұл үйге 2018 жылы қаңтарда көшіп келген.
—Бесінші қабатта тұрамын. Жалға алу ақысын ай сайын төлеймін. Ешқандай қарызым жоқ. Бірақ бес жылдан бері үйдің төбесінен су ағып, әбден шаршатты.. Үш бөлмеден су сарылдап ағып тұр. Бөлменің ортасына леген, шелек қойдық. Түнгі төрттен бастап ұйқы жоқ. Қазір қорқып электр жарығын да қоспай отырмыз. Интернет істемей қалды, — дейді Манар Бекенова.
Бірінші қабатта тұратын Битай Құрмашева да көршілерінің сөзін құптады. Ол бір бөлмелі пәтерде мүмкіндігі шектеулі қызымен тұрады. Қазір қызы ауруханада жатыр.
Әкімдіктің табалдырығын тоздырған тұрғындар осы мәселені шешіп беруін сұрайды.
Аталған мәселе бойынша Алға ауданы әкімінің орынбасары Арман Бошановқа хабарластық.
Оның айтуынша Алға қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша төрт үй салынған. Қазіргі таңда бесінші үйдің құрылысы жүріп жатыр.
—Төбесінен су ағып тұрған үй аталған бағдарлама бойынша бірінші салынды. Жоба бойынша үйдің төбесі арнайы шатырмен жабылған, төбеден су ақпайды. Бірақ құрылыс қауіпсіздігіне байланысты, төбедегі қар адамның үстіне түспеуі үшін жарты метр жер ашық тұр. Яғни қар сол жерге түседі де арнайы құбырмен төмен ағып кетеді. Көктемде күн бір жылынып, бір суытқан кезде құбырдағы су қатып қалады да еріген қар суы ақпай қалады. Ол үшін құбырды жібітіп, аршып жіберу керек. Қазір ол жерде тиісті мекеменің мамандары жұмыс істеп жатыр. Төбенің қарын тазартып, құбырды жібітуде, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Арман Бошанов қалай болғанда да жобаны өзгерте алмайтынын, бірақ мәселені шешуді қарастыратынын айтты.
Кәмшат ҚОПАЕВА
Тағы да
Үйлерін су басқан Қаратал ауылының тұрғындары қазіргі жағдайын айтты
100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды
Ақтөбелік әйел араб көйлегін алам деп алданып қалды