«Балалар сабаққа бара алмайды». Маржанбұлақ ауылының тұрғындары жанайқайын айтты
Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының тұрғындары балаларын көшеге шығаруға қорқып отыр, — деп хабарлайды Аktobemedia.kz.
Ақтөбенің іргесіндегі Маржанбұлақ ауылының тұрғындары қазір көшеде жүруге қорқады. Себебі ауылда ит қаптап кеткен. Ауыл тұрғыны Талғат Қалыбаев редакцияға хабарласты. Айтуынша, ауылда қаңғы иттер өріп жүр. Топ болып жүрген иттер балаларға қауіпті.
—Ауылда ит көп. Топ болып жүреді. Балалар көшеге шығып ойнай алмайды. Сабаққа бара алмайды. Қаптаған иттің көзін жойып жатқан ешкім жоқ. Өткенде жеңгемді алабай тұқымды ит қауып алған. Құдай сақтап бір жігіт құтқарып қалыпты. Кеше топ болып жүрген итті видеоға түсіріп алдым. Топтарға тараттым. Ауыл әкімі де біліп отыр, — дейді тұрғын.
Сондай-ақ Талғат Қалыбаев ауылдың жоғарғы бөлігінде тұратын тұрғындар бір аптадан бері балаларын сабаққа жібермегенін айтады. Себебі мектеп автобусының жүргізушісі ауырып қалған. —Бір апта болды баламды сабаққа жіберген жоқпын. Автобус болмаса баланы өздігінен жіберу қауіпті. Мектеп алыс, әрі топ болып жүрген иттің ортасына түссе, талап тастайды ғой. Жалғыз мен емес, біраз адам баласын сабаққа жібермей отыр. Мектеп автобусын тезірек шығарса екен дейміз. Жүргізуші ауырып қалса, орнына басқа адамды алуға болады ғой, — деді тұрғын.
Мәселенің анық-қанығын білмек болып Маржанбұлақ ауылдық оркугінің әкімі Миржан Асқарұлына хабарластық. Оның айтуынша, ауылда ит аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы екі айда қырыққа жуық ит ауланған.
—Қазір итті атуға болмайды, сондықтан ветеринарлық станция аулау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал автобус мәселесіне келетін болсақ, жүргізуші құлап аяғын сындырып алды. Сондықтан автобус бір апта болды тоқтап тұр. Басқа жүргізуші жоқ. Бұйырса екі-үш күнде жүргізуші жұмсына шығады, — деді әкім.
Тағы да
Үйлерін су басқан Қаратал ауылының тұрғындары қазіргі жағдайын айтты
100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды
Ақтөбелік әйел араб көйлегін алам деп алданып қалды