БУЛЛИНГ: СОТҚАР БАЛА ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Қазір мектептердегі буллинг, яғни балалардың бір біріне қысым көрсетуі өзекті мәселе болып отыр. Тіпті әлеуметтік желіде бірін бірі аяусыз ұрған жасөспірімдердің видеосын жиі көзіміз шалады. Ал баланың тым қатыгез болуына не себеп? Психолог мамандар не дейді?
М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының психологы Әсемгүл Музеева Aqtobe Media ақпараттық агенттігінің тілшісіне балалар арасындағы буллинг, одан қорғану жолдарын айтып берді.
Психологтың айтуынша, буллингтің түрі көп және оның кез келген түрі қауіпті. Буллинг — қарапайым тілмен айтсақ, адамның өзгеге күш көрсетуі, әлімжеттік жасау, қорқыту, келемеждеуі.
— Буллингтің физикалық, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық, вербалды, кибербуллинг секілді түрлері бар. Физикалық буллинг соққы жасау, күш көрсету болса, әлеуметтік — ол баланы оқшаулау, кемсіту, ал вербалды буллинг — сөзбен қорлау, лақап ат қою, кекету. Бұлардың қай қайыссы да жақсы емес, — дейді Әсемгүл Музеева.
Маманның айтуынша буллинг қай заманда да болған. Одан түбегейлі құтылу мүмкін емес. Ал қазіргі ақпараттың, әлеуметтік желінің дамуы бұны одан сайын өршітіп отыр.
—Бала әлеуметтік ортаға бейімделгенде, жаңа мектепке барған кезде түрлі келіспеушіліктер болады. Бірақ кез келген жанжал буллинг емес. Буллинг жағдайында тұрақты дұшпандық сақталады, — дейді психолог.
Баланың мінез-құлқының қалыптасуына ата-ана, ұстаз, қоршаған ортаның тәрбиесі ықпал етеді.
Бала отбасында агрессор әке, ашушаң ананың тәрбиесін көрсе, ата-анасының бір біріне дөрекі сөйлегенін көріп өссе, осының барлығы баланың мінез-құлқына әсер етеді.
— Бала зорлықшыл отбасында өмір сүрсе іштей тынады немесе алдағы өмірінде өзі соны қайталайды. Өзінің сыртқа шығара алмаған аушын өзге баладан алады.
Отбасында балаға махаббат, жылы қарым-қатынас жетіспегенде бала басқаға әлімжеттік көрсетуге бейім болады. Жұрттың назарын өзіне аудартуға тырысады. Нашар баға алып қалса ашуға беріледі, — дейді маман.
Қазір балалар телефон мен компьютерге тәуелді. Ал гаджеттер, яғни ақпараттық технология баланың тым қатыгез болуына әсер етеді.
—Мәселен, «Фрей фаер» сияқты компьютерлік ойындар бар. Бояуы көп, анимацияға толы. Екі бала болып ойнайды. Мақсаты — бірін бірі өлтіру. Аяушылық жоқ. Кішкентайынан осындай ойындарды көріп өскен баланың жүрегі қатаяды. Шыдамсыз болады. Тіпті әлеуметтік желіде бір бірін аяусыз ұрып, оны видеоға түсіріп тұратындар бар. Осының барлығы гаджеттердің әсерінен деуге болады, — дейді Әсемгүл Музеева.
Буллингтің белгілері қандай?
Баланың психологиялық жағдайына мән беру керек. Себебі бұндай жағдайға кез келген бала ұшырауы мүмкін.
—Ол сабақтен кеш келеді. Киімі бүлініп келуі мүмкін. Көңіл-күйі болмайды. Күнделікті алып жүрген ақшасы жетпей қалады. Үйдегі ұсақ-түйекке деп шығарып қойған тиын-тебендер жоғалып кетуі мүмкін. Баланың асқазаны ауырады, басы ауырады. Мектепке барғысы келмейді. Қырағы ата-ана осындай белгілерді бірден байқайды. Бұндай сәтте бірден «Ақшаң неге жетпей жүр, біреу ұрды ма?» деп сұрақтың астына алмай, «Бұрын ондай емес едің, саған не болып жүр? Не нәрсе мазалайды?» деп жәйлап сұрау керек. Бала сонда ғана ашылады, — дейді Әсемгүл Музеева.
Психолог буллингтің осындай белгілері байқалған кезде ата-ана бірден дабыл қағуы тиіс. Мектеп мұғалімі, психолог мамандармен бірлесіп әрекет етуі қажет. Сонда ғана қандайда да бір қауіпті алдын алуға болады.
Баланы қалай қорғау керек?
Бала буллингтің құрбаны болмас үшін ата-ана баласымен ашық сөйлесе білуі керек. Бала кез келген жағдайда көмек сұрай алатындай сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет.
—Баланы тыйып тастау оның ойын дұрыс жеткізе алмауға, іштей тынуға әкеледі. Баланы айыптамай, бағаламай, оны қолдау қажет. Ойын еркін айта алатын бала манипуляцияға берілмейді. Қандайда бір қиындық туса, жақындарына айтады. Ата-аналар көп жағдайда балаға көңіл бөлмейді, онымен ашық әңгіме айтпайды. Мәселенің барлығы осыдан шығады. Сабақтан келген балаға «бүгін неше алдың, не іштің» емес, «Не нәрсе қызық болды? Не нәрсе қиын болды?» деп сұраған жөн, — дейді маман.
Отбасында баланың ата –анамен байланысы болмағаннан кейін бала мәселені өзі шешуді ойлайды.
—Ата-ананың барлығы баласына дұрыс тәрбие беруге тырысады. Бірақ үйде баланы тыңдап, оның шешім қабылдауына мүмкіндік бермейтіндер бар. Кейбір авторитарлық отбасылар болады. Баланы қысып ұстайды, ұрады. Бұндай бала «тазы ашуын тырнадан алады» демекші ашуын өзге баладан алады. Ал кейбіреулері керісінше іштен тынады. Ата-анамен дұрыс қарым-қатынас болмағаннан кейін балада «ата-анама айтайын» демейді, керісінше «олар біліп қалмасын» деп жасырады. Кейбір баланың ата-анасы ажырасып жатады, отбасында бір қайғылы жағдайлар болады. Осындай кезде ересектер балаға мән бермейді, ол оқшауланып қалады. Осылайша балада не болып жатқанынан ата-ана бейхабар болады, — дейді психолог.
Әсемгүл Музеева ата-ана баламен сапалы уақыт өткізу керектігін айтады. Бұл — баламен бірге қыдырып тек тамақ ішу емес, оны әңгімеге тарту, буллинг туралы киноларды бірге көріп, ойын білу.
—Буллингтің соңы кейде суицидке әкеледі. Ал осындай жағдайды болдырмас сүшін ата-ана, мектеп, қоғам болып бірігіп жұмыс жасауымыз керек. Ата-ана да, кез келген пәннің мұғалімі де баланың жанын түсінуге тырысқаны жөн, — дейді психолог.
Кәмшат ҚОПАЕВА
Тағы да
Ақтөбеде жасөспірім алаяққа сеніп ақшасынан айырылды
БОМБА ҚОЙЫЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ БЕРГЕН ОҚУШЫ ҰСТАЛДЫ
Шалқарда болған жол апатынан екінші оқушы көз жұмды