Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Көкке самғаған қазақтың Құндызайы

Құндызай Қалижанқызы — стюардесса. Аспан қарлығашы қазір Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында тұрады. Сондағы «Эйр Арабия» әуе компаниясында еңбек етеді. «Эйр Арабияның» ұшақтары Еуропа, Таяу Шығыс, Азияның оңтүстік-шығыс бөлігі, ТМД елдеріндегі жалпы саны 170-тен астам қалаға қатынайды. Біздің кейіпкеріміз жыл сайын бірнеше мәрте 21 мемлекеттің аспанында қалықтап, әсем қалалардың сәулеті мен дәулетін тамашалайды. Ол бір жылда жалпы 1084 сағат ұшыпты. Құндызай ұшатын ұшақтар — Airbus A320, Airbus A321 Neo, Airbus A321 SEO.

Бес тілді еркін меңгерген Құндызай қазір араб және үнді тілдерін үйреніп жүр.

Ол — Ақтөбенің перзенті, Байғанин ауданы Алтай батыр ауылында дүниеге келген.  Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясын үздік бітірген кейіпкеріміз — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі.   

Арман көкке жетеледі

— Бала кезімде стюардесса болуды армандадым. Зеңгір көкке көтеріліп, ақша бұлттар арасында қалықтай ұшып, әлем елдерін аралап, ғаламның ғажайыптарын тамашалағым келетін. Бүгінде арманым орындалды.

Аспан әлеміне деген қызығушылығым мені алға жетелеп, үздіксіз іздену, талмай еңбектенуді үйретті. Соның арқасында ағылшын, испан, түрік тілдерін еркін меңгердім. Ағылшын және испан тілдері — әлемде ең көп тараған тілдердің алғашқы бестігіне кіреді. Испан тілін алты айда, түрік тілін үш айда меңгердім. Қазір үнді және араб тілдерін жетік меңгеруге ден қойып жүрмін. Бұл тілдерді жақсы түсінемін, біраз сөйлей де аламын. Ал қазақ тілі — ана тілім. Орыс тілін үйрену — қиындық тудырған жоқ. Жалпы, көп тіл білген адамның көкжиегі кең, мүмкіндігі мол болады. Еркіндікті сезінесің, ерік-жігер береді. Жаңаша ойлауға көмектеседі, — дейді Құндызай Көшкінбаева.

Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Алматы қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептен бастады. Бір жарым жылға жуық педагогтік қызмет атқарған Құндызай 2020-2022 жылдары Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің магистратурасында оқыды. Магистратураны тәмамдаса да ол бәрібір  бала күнгі арманының орындалғанын қалады. Сол жолда ізденіп, дәріс алды.

— Бір жыл сегіз айда ағылшын тілін еркін меңгеріп алдым. Сөйтіп, стюардесса болуға өзімді іштей дайындадым. Бір күні интернет қарап отырып, Қырғызстандағы агенттіктің «Эйр Арабия» әуе компаниясына стюардесса іздеп жатқаны туралы хабарламасын көзім шалды. Дереу өтініш жібердім. Артынша Бішкекке конкурсқа қатысуға шақырту келіп, Алматы-Астана-Бішкек бағытындағы ұшаққа билет алдым. Бұл Қаңтар оқиғасының кезі-тін. Әуежайлар жабық. Ұшақтардың ұшуы тоқтатылған-ды. Содан Қордай арқылы көлікпен Бішкекке бардым. Конкурста бақ сынаушылар көп екен. Үш кезеңнен тұратын сын тапсырдым. Ағылшын тілінде әңгімелесу, тест өткізілді. Стюардесса болу үшін кескін-келбет, бой, салмақ, жас шамасы да маңызды. Бойдың ұзындығы ұшақтағы сөрелердің биіктігімен өлшенеді. Талап бойынша сөреге бойымыз еркін жетуге тиіс. Сынақ кезінде өзімнің ағылшын тілін жетік меңгергеніме көз жеткіздім. Қорытындысын тағатсыздана күттім. Қарсыластар көп болғандықтан, алаңдаушылық болды. Дегенмен өзімнің әзірлігіме сендім. Қорытындысында тестілеу мен әңгімелесуден сүрінбей өттім. Бірақ салмағым талапқа сәйкес келмейтін болып шықты. Маған үш күнде 3 келі салмақ тастауға мүмкіндік берілді. Содан үш күн бойы нәр татпадым, тамақтанбақ түгіл су да ішкен жоқпын. Мақсатыма жеттім.  80 қыз сынға түскен конкурста 10 қыз іріктеуден өттік. Әрине, қуанышымда шек болған жоқ. Одан соң 40 күн арнайы курста оқыдық. Кейін тестілеу тапсырдық. 3 күн іс-тәжірибеден өттік. Төртінші рейсте — ресми түрде жұмысқа кірісетін болдық. Алғашқы рейсім — Шарджа-Хайдарабад (Үндістан) бағыты. Бұл күні ұшқыштардың кабинасында круасанмен кофе ішіп, бұлттарды тамашалаумен болдым. Сол кездегі бойымды кернеген шаттық сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Арманымның орындалғана қуандым. Қазір бойым — 175 сантиметр, салмағым —  59 келі, киім өлшемім — 44, жасым — 23-те, — дейді кейіпкеріміз.

Сөйтіп, ол «Эйр Арабия» әуе компаниясына жұмысқа қабылданған жалғыз қазақ қызы болды. Кейін компания басшылығы Құндызайдың өз ісіне деген жауапкершілігін, тиянақтылығын, білімділігін, адами қасиеттерін жоғары бағалап, жұмысқа қазақ қыздарын да қабылдауға ниет білдіріпті. Жалпы қазір «Эйр Арабия» әуе компаниясында қазақтың 2 ұшқыш жігіті мен 5 стюардесса бар.

Алтай мен Шарджа арасы…

— Әрбір айдың соңында ұшу кестесі шығарылады. Жалпы бір айда 11-15 рейс жасаймыз. Рейс екі түрлі болады. Бірі — turnaround, екіншісі — layover деп аталады. Turnaround кезінде бір елдің қаласына барып жолаушыларды түсіріп, Шарджа қаласына кері ұшамыз. Ал layover деп аталатын түрінде қонған елімізде 24 сағат пен 52 сағат аралығында боламыз. Бұл кезде сол елдің қаласын аралауға, қыдырып, тамашалауға мүмкіндік болады. Рейстің ұзақтығы да әртүрлі. Кейде 15 сағат демалмастан жұмыс жасаймыз. Екі бағыттағы ұзақтығы екі-ақ сағат болатын рейстер де бар. Ең қысқа рейс — Шарджа-Доха. Ұзақтығы —  40 минут. Ұзақ рейс — Шарджа – Куала-Лумпур және Шарджа-Милан бағыттары. Аталған екі қалаға 7 сағатта ұшып жетеміз. Жалпы бір жылда 1084 сағат ұшыппын.

Жұмысыма қуанып барып, қуанып келемін. Дегенмен әр жұмыстың өзіне тән қиындығы бар ғой. Кейде күндіз, кейде түнде үздіксіз, үзіліссіз 15 сағат бойы ұшқанда ұйқым қанбай қалады. Бар қиындығым сол ғана. Бірақ шаршасақ та, көңіл күйімізді түсірмейміз, күлімдеп жүріп, қызмет көрсетеміз.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында тұрамын. Әуекомпания базасы сол қалада болғандықтан компания шетелдерден келген қызметкерлеріне олардың қалауы бойынша Шарджа мен Дубайдан пәтер жалдап береді. Заман талабына сай жабдықталған пәтерде өзім ғана тұрамын. Керемет бассейні, спортзалы бар. Қауіпсіздік сақталған. Компания басшылығы жолақымызды да төлейді. Келісімшарт бойынша жалақыны айтуға болмайды. Дегенмен стюардессалардың жалақысы екі бөліктен тұрады. Бірі — базалық жалақы, ұшсақ та, ұшпасақ та төленеді. Екіншісі, ұшуға байланысты төленетін жалақы. Сонымен қатар жұмыстан тыс кезде әлемнің 40-қа жуық әуе компаниясы арқылы түрлі бағыттарға 90 пайыз жеңілдікпен ұшуға мүмкіндігіміз бар. Мұндай мүмкіндік маған, сондай-ақ отбасы мүшелеріне, ата-анама және ініме беріледі. Еңбекақым лайықты бағаланады, — дейді Құндызай Көшкінбаева.

Ол күні кеше ғана Бангладеш елінің астанасы Дакка қаласынан Шарджаға келіпті. Ендігі бағыт — Непал елінің Катманду қаласы.

«Эйр Арабия» әуекомпаниясы әлемнің 170-тен астам қаласына қызмет көрсетеді.  20 жылдық тарихы бар компания бірде-бір рет апатты жағдай болып көрмеген әуе компаниясы болуымен де ерекшеленеді.

— Әлемнің 21 еліне қатынаймын. Әр ел өзінше таңғалдырады. Ерекше ұнағаны —  Италия.  Әсіресе Милан қаласының сәулеттік келбеті, табиғаты ұнады. Милан демекші, бір сапарымызда Миланда үш күн болдық. Төменгі қабатта қалған әріптестеріме «қазір келемін» деп кетіп, зәулім дүкенді аралап, қызығып жүре бергенмін. Біраз уақыт өтіп кеткенін кейін ұқтым. Хабарласайын десем, Wi-Fi желісі болғанмен, интернет дұрыс қосылмайды. Әрі-бері іздеп, таба алмадым. Содан жүгіріп далаға шықтым, есіктің алдында ұшқышымның бір өзі тұр. Қалған әріптестерім мені іздеп кеткен екен. Сөйтіп, қаншама уақыт әріптестерімді жіпсіз байлап, күттіріп қойсам да, олар сабырлық танытып күтті. Біз қандай жағдайда да бір-бірімізді тастап кетпейміз, достыққа адалмыз.

Былтыр жыл аяғында үш күн демалысымда Катарға ұшып, Доха қаласында өткен Әлем чемпионатын тамашаладым. Аргентина – Хорватия ойынын қарап, футбол тарихындағы феномен Мессиді көрдім, — дейді Құндызай Қалижанқызы.

«Сүйемін шексіз тілімді туған…»

— Жұмысқа қабылданған алғашқы алты айда қазақ тілінде ешкіммен сөйлескен жоқпын. Бірде қазақ тіліндегі киноны қарап отырып, ілгіш деген сөзді естіп қалдым да, өзімнен-өзім сұрап жатырмын: «Ілгіш деген не ол?» деп. Сөйтіп, әзер дегенде мағынасын есіме түсіргенім бар. Бұл — ана тілінде сөйлесетін орта болмауының салдары. Әйтпесе филологпын ғой. Оның үстіне өз тілімді шексіз сүйемін. Ең бай тіл — қазақ тілі. Ағылшын тілі дүниетанымыңды кеңейтетінімен ерекшеленеді, — дейді Құндызай Көшкінбаева. Кейіпкеріміз спортпен шұғылданғанды әсіресе үлкен теннисті ойнағанды жақсы көреді. Сондай-ақ тіл үйренгенді жаны сүйеді екен.

— Байғанин ауданының Алтай батыр ауылында дүниеге келдім. Темір ауданыныдағы Кеңесту негізгі мектебін бітірдім. Одан кейін Шұбарқұдық гимназиясында оқып, үздік аяқтадым.

Ата-анам Кеңесту мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Отбасында екі баламыз. Інім Ақдәулет 15 жаста. Екеуміздің туған күніміз бір күнде — 15 шілдеде дүниеге келгенбіз.

Мүмкіндікті пайдаланып, маған әркез қолдау білдіргендері үшін әкем Қалижан мен анам Гүлбануға үлкен ризашылығымды білдіремін. Ата-анамның арқасында жетістікке жеттім. Оларға, бауырыма сағынышты сәлем жолдаймын. Аяулы анамды көктеммен ілесе келген төл меркесімен құттықтаймын, — дейді Құндызай Қалижанұлы.

Қазақтың Құндызайы Үнді және Тынық мұхитын көктей өтіп, Еуропа, Азия, Африка құрлықтарын бетке алып, зеңгір көкте самғап ұшып жүр. Қарлығашымыздың қанатының талмауын, биіктерге самғай беруін тілейміз…

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.