Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Көктауда дәрігерлік амбулатория ашылды

Хромтау қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Көктау ауылында дәрігерлік амбулаториялық пункт ашылды.

Жарты жыл иесіз тұрған көне ғимаратты «Ақтөбе мыс» компаниясы ел тұрғындарына жаңартып берді. 22 миллион теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілді.
Көктау амбулаториясында мыңжарымға жуық адам ем-дом қызметін ала алады. Медпунктте дәрігер, екі медбике, акушер және жедел жәрдем қызметі көлігінің жүргізушісі жұмыс жасайды.
Тағы бір қуаныштты жағдай, Көктау, Аққұдық, Көктөбе, Көктерек, Қарабаз ауылдарына жаңа жедел жәрдем көлігі сол «Ақтөбе мыс» компаниясының атынан сыйға тартылды. Құны 12 млн. тұратын 2022 ж. шығарылған су жаңа көліктің іші жылы, ең бастысы науқастарға өте ыңғайлы. «Біз үшін осыдан маңыздысы жоқ» деп сұхбат барысында дәрігер қуанышын жасырмады.
Дәрігер Арайлым Талманова жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа келген. Содан бері 7 жыл өткен.
«Осы жылдар ішінде көне техникамен не бір жағдайларға түсетінбіз. Ауылдық жедел жәрдемнің хикаялары жеткілікті. Сәбидің дүниеге жолда келуі, немесе соңғы секундтарда дәл жеткізу сынды экстремалды жәйттарды ай сайын басымыздан өткереміз десек қате айтпаймыз», — дейді дәрігер.
Аудан орталығынан 80 км қашықтықта орналасқандықтан байланыс қыс мезгілінде қиындай түседі. Хром елінің қысы ерекше екені баршаға белгілі. Бұрынғы көне көлік жолда жиі істен шығатын. Енді дәрігерлер бұндай қиындықтан құтылды.