Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Мұрат Жөребеков: «Жолаушы тасымалдаушылар әрекетінен тұрғындар зардап шекпеуі керек»

Қала әкімі Murat Zhurebekov жолаушылар тасымалына қатысты жиын өткізді. Оған қала әкімінің орынбасары, ТҮКШ бөлімінің басшылығы және қоғамдық тасымалмен айналысушы 4 компанияның басшылары қатысты, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz
Қала әкімі Мұрат Жөребеков осыған дейін “Автопарк” ЖШС басшылығына өздерінің автобус жүргізушілеріне қолданған тәртіптік жазасының салдарынан туындаған мәселені тез арада шешу туралы тапсырма берген болатын.

Бүгін “Автопарк” басшылығы қала әкімінің тапсырмасының орындалу барысын баяндады.
Мұрат Жөребеков “Автопарк” компаниясына қоғамдық тасымал ережесін бұзғаны үшін шара қолданылатынын және өзі бұл мәселені жеке бақылауында ұстап отырғанын ескертті.

«Өздеріңнің ішкі жұмыс тәртібін реттеп жатқандарыңа еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ сіздердің әрекеттеріңізден қала тұрғындары зардап шекпеулері керек. Қаншама адам кеше автобус күтіп қыстың ішінде аялдамаларда бала-шағасымен тоңып тұрды. Автобустардың бірінен соң бірі оларды көре тұра тоқтамай өтіп бара жатқанын көрдім. Бұл не деген бассыздық?! Үйіне, жұмысына асыққан қала халқының жазығы неде? Біз мәселені тез арада шешу үшін бір сағаттың көлемінде өзге 3 тасымалдаушы компанияның автобустарын бағыттауымызға тура келді. Әрине олар көмекке келді, бірақ “Автопарктің” кесірінен өз бағыттарындағы жұмысты әлсіретіп алды. Бұлай жалғасуы мүмкін емес. Сондықтан, барлық бағытқа ертең автобустарыңыз шығатын болсын. Менің талабым — осы», — деді Мұрат Жөребеков.

“Автопарк” ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов барлық 11 бағыттың автобустары ертең желіге қосылады деп қала әкіміне уәде берді.

«14 ақпан күні түстен кейін 65 жүргізуші 11 бағыттың автобустарының жұмысын өз беттерімен тоқтатқан болатын. Мәселе туғызған #21, 26, 24, 22, 15, 16, 3 маршруттардың автобустары ертең әдеттегі кестеге сәйкес жұмысқа шығады. Кейбір бағыттарда автобус саны толық болмай қалуы мүмкін. Себебі біздің талабымызға көнбей жұмысқа шығудан бас тартып отырған әлі 10-15 жүргізуші бар. Ал жалпы барлық бағытқа автобустар қосылады. Біз наразылық туғызып, жұмысқа шықпай қалған жүргізушілердің әрқайсысымен жеке-дара сөйлесіп, бүгін келісімге келіп отырмыз. Ертең олар жұмысқа шығады. Мәселені реттейміз, қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз», — деп уәде берді “Автопарк” ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесов.