Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Маржанбұлақта үйдің газы жарылып, төрт адам ауруханаға түсті

Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында газ жарылып, үйдің шатыры мен қабырғасы ортасына түсті.
Облыстық төтенеш жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кеше кешкілік болған. Жеке үйде табиғи газ жарылған. Үйдің төбесі мен қабырғалары құлаған. Өрт болмаған. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жетті.
Зардап шеккен төрт адам облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Оның біреуі жүкті әйел. Қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Ал ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты.
— 43 және 40 жастағы екі ер адамның денесі күйген. Олар травматология бөлімінде, консервативті ем алады. 59 және 34 жастағы әйелдерде бірінші дәрежелі күйік бар. Жас әйел жүкті, оны гинеколог тексерді. Консультациядан кейін екеуі де үйіне жіберілді. — деді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұргүл Увалиева.