Қазір елімізде регрессолог мамандардың көмегіне жүгінетіндер көбейді. Әсіресе өмірде жолы болмай жүргендер, дерті мазалағандар осы мамандарға жиі барады. Ал регрессологтар адамға қалай көмектеседі? Жалпы регессология қандай ілім? Ақтөбеде регрессология терапиясымен айналысатын мамандар AqtobeMedia.kz тілшісіне осы ілім туралы айтып берді.
Регрессология — адамның түп санасымен жұмыс жасайтын ілім. Бұл ілімнің негізі 1970-ші жылдары Америкада қаланған. Танымал психологтар мен ғалымдар адам өлгеннен кейін оның рухы мәңгі өмір сүретінін дәлелдеген. Бұл ілімінің тамыры реинкарнациядан шығады. Реинкарнация — рухтың бір денеден екінші денеге көшуі. Яғни адам өлген кезде оның рухы өлмейді. Ол қайта өмірге келіп, өзге денені таңдайды. Кейде адамдар белгілі бір оқиғаның екінші рет қайталанғандай болғанын айтып жатады. Бұл адамның өткен өмірдің барын білдіреді екен. Регрессолог маман адамды белгілі бір күйге енгізу арқылы оның тәлімгер періштелерімен тілдесіп, рухынан хабар алады. Сеанс кезіне адамның өткен өмірін, яғни бұрын жерге неше рет келгенін, кім болғанын, қиындықтардың түп-тамырын біледі, ауруынан айығады. Ілімнің мақсаты — адамға психотерапия арқылы көмек беру, қиындықтан шығуына бағыт бағдар сілтеу.
—Регрессология, реинкарнация теориясы бойынша, рух — мәңгі. Ол рухтар әлемінде болады. Жан рухтан тарайды, яғни оның бөлшектері. Рух бір болса, жан өте көп болуы мүмкін, — дейді регессолог Индира Санатқызы.
Индира Санатқызы
Ал регрессолог Айдана Сағынғалидың айтуынша, рух — Жаратқанның бөлшегі.
—Адамның топырақтан жаралғанын айтады. Бұны біз тікелей түсінбеуіміз керек. Бұл адамды топырлаған ақтан жараттық деген ұғым. Құранды тереңнен түсініп оқу керек. Бірақ оны адамдар «ананы жасасаң күнә, мынау күнә» деп оны қорқынышқа айналдырып алған, — дейді Айдана Сағынғали.
Рухтың мақсаты қандай?
Адам өлгеннен кейін рух қайта өмірге келіп, басқа денені таңдайды. Оның мақсаты қандай? Неге рухтар жерге қайта-қайта келе береді? Мамандар бұны былай түсіндіреді.
— Адам өмірінде бір жамандық жасап қойса, келесі өмірге соны өтеу үшін келеді. «Тозаққа түсесің, азаптайды» деген нәрсе жоқ. Осы өмірде біреудің ақысын жесең, азап берсең, зиян келтірсең, келесі өмірде басқа тәнмен келіп сол нәрсені өтейсің. Бұны карма дейді. Еш нәрсе бекер кетпейді. Мәселен, бұл өмірде әкеңмен арақатынасың дұрыс болмаса келесі өмірде әкеңнің рухы балаң болып келуі мүмкін. Рух әбден тазарғанша өмірге келе береді. Осылайша ол кемелденеді. Ешқандай кармасы жоқ рухтар болады. Олар жерге белгілі бір миссиямен келеді. Бірі адамдардың санасын ояту үшін, екіншісі энергия беру үшін келуі мүмкін,— дейді Айдана Сағынғали.
Айдана Сағынғали
Айдана Сағынғали өзіне емге келген ақтөбелік бір кісіде Қабанбай батырдың рухы болғанын айтады.
—Ірі денелі ер адам келді. Әскери қызметте екен. Ем арқылы өткен өмірін, көшпенділер дәуірін көрді. Оның рухы Қабанбай батырдың рухы екен. Осыны айтқанда әйелі күліп жіберді. Себебі қатарластары әлгі азаматтың сыртқы тұлғасына қарап «сен өткен өмірде батыр болған шығарсың» деп әзілдейді екен. Терапия кезінде ол адамның өмірге келудегі мақсаты адамдардың рухын көтеру, жақсы энергия беру екенін білдік, — дейді Айдана.
Ал Индира Санатқызының айтуынша, жер рух үшін мектеп тәрізді. Олар түрлі сабақтан өтеді. Шыдамды, кешірімді, жақсы көруді үйренеді. Кемелденген рухтар Құдайдың қасына барады.
—Бұрын біздің ата-бабаларымыздың рухымен байланысымыз мықты болған. Кеңес үкіметі сол байланысты үзіп тастады. Біздің бабаларымыздың рухтары кемелденген. Олар адамдарға аян беру арқылы көмек береді, — дейді Индира.
Өзге планеталық рухтар кімдер?
Жерге әр түрлі рухтар, оның ішінде жас рухтар да келеді. Жас рухтардың көпшілігі өзге планеталықтар екен. Бұндай рухтағы адамдарда өнертапқыштық, жаңа технологияны ойлап табу секілді қасиет болады.
Мәселен, 2000-шы жылдардан кейін өмірге келген балалар өзге планеталықтардың рухымен келген. Олар басқарушылық қасиетке ие.
—Қазіргі балалар байқасаң бұйрық беріп сөйлейді. Бірақ мейірімді. Олар жерге жақсы мақсатпен келіп жатыр. Олар жаңа дәуірді қалыптастырушылар, — дейді Айдана Сағынғали.
Өзге планеталықтармен байланысуды ченнелинг деп атайды. Индира Санатқызының айтуынша, жарықтан және түнектен келген өзге ғаламшарлықтар бар. Жалпы өзге паланеталық рухтар адамның жерді бүлдіріп жатқанын, табиғаттың тепе-теңдігін бұзуға болмайтынын, онымен бірге өмір сүру керектігін жиі айтады екен
Регрессология терапиясы қалай жүреді?
Регрессология терапиясы кезінде адам маманның көмегімен денесін босаңсытады. Бірақ есін біліп жатады. Оң жақ миы іске қосылады. Өткен өміріне түс сияқты саяхат жасайды. Регрессолог ем алушының тәлімгер періштелерімен тілдесіп рухтан хабар алады. Осылайша тәлімгерлер бағыт-бағдар береді. Яғни сеансқа келген адам көкейіндегі барлық сұрақтың жауабын алады.
—Жақында маған бір кісі келді. Бала кезден зобпен ауырады екен. Терапия кезінде екі өмірін көрсеттік. Бірінші өмірінде басына пышақ тығып, буындырып өлтірген. Екіншісінде тамағын жарақаттап, тігіп, қорлықпен өлген екен. Сондықтан жоғарғы санада қорқыныш қалып қойған. Біз жоғарғы санадан «осы ауруды босата аламыз ба» деп сұрадық. Ол босатты. Адамда жеңілдік пайда бола бастады. Қазір ол кісі ауруынан айықты, — дейді Айдана
Терапия кезінде періштелер адамды ауруынан айықтырып жатса, енді бірінде одан құтылудың жолын көрсетеді. Яғни ауру меңдеп келгендердің барлығының бірдей сырқатын алып тастамайды. Тіпті біреулер сол ауру арқылы кармасын өтеп жатқан болуы мүмкін.
Регрессология терепиясынан өту 15 мыңнан басталады. Онлайн және офлайн өтуге болады. Екеуінің айырмашылығы жоқ.
—Адам өмірге келген кезде жалғыз келмейді. Қасымызға періште еріп келеді. Ол біреу немесе бірнеше болуы мүмкін. Қазақтың «періштесі қаққан» деген сөзінің астары осында жатыр. Кейде «түйсігім алдамапты» деп айтамыз. Сол түйсікке періштелер ой салады. Бізге жол көрсетеді. Қандайда бір шешім шығаруда алғашқы үш секундта келетін жауап, ол – тәлімгер періштеден. Ал одан кейінгіге логика қосылады, — дейді Айдана Сағынғали.
Ал Индира Санатқызының айтуынша, періштелер адамның дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Өмірде қандайда бір қиыншылық болса періштелерден күш-қуат сұрауға болады. Олар Құдайдың көмекшісі сияқты.
— Әрқашан қасымызда жүреді. Бізді естиді, көмек беруге дайын. Егер адам күмәнмен, қорқынышпен өмір сүрсе, сенімсіз, ашу, ызаға бейім болса оған періштелер көмектесе алмайды. Себебі адам өзіне жаман сезімдер арқылы тосқауыл қойып тастаған. Ал егер «мен бақытты боламын» деп шын ниетімен шешім қабылдаса, періштелер көмек көрсетуге дайын. Тәлімгер періштелер адамды тек жақсылыққа үндейді. «Әлемді таны, Құдайға сен, оқы, зерітте, өс, дамы, жақсы ойла» дейді, — деді Индира.
Жалпы регрессологтар айқан нәрсеге сену, сенбеу адамның өз еркі. Мәселен, өзге ғаламшарлықтар жер планетасын «еркіндік панетасы» дейді екен. Себебі бұл жерде адамға таңдау еркі берілген. Адам өзінің өмірлік жолын өзі таңдайды.
Суқұйғыш дәуірі келіп жатыр
Регрессолог мамандардың айтуынша, қазір әлемде болып жатқан жер сілкіністері, табиғи апаттар жаңа дәуірдің келіп жатқанын көрсетеді. Бұған дейін екі мың жыл балық дәуірі болса, енді суқұйғыш дәуірі келіп жатыр. Балық дәуірінде адамдар тек материалдық дүниені ойласа, бұл дәуірде рухани өседі.
—Суқұйғыш дәуірінде ақшадан бұрын рухани құндылықтарды жоғары болады. Адамдардың санасы оянады. Өмірге не үшін келгенін зерттейді. Отбасы құндылықтарын жоғары қояды. Мәселен, бұрын ата-балаларымыздың рухы күшті болған. Олар жауға әруақ деп шапқан. Сол кезде ата-баба рухтары жиналып, жаудың мысын басатын болған екен. Кейін осы нәрсе әлсіреп кетті. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі мен ұстанымының бәрі дұрыс. Суқұйғыш дәуірінде осы ұстанымы қайта келеді, — дейді Айдана Сағынғали.
Кәмшат ҚОПАЕВА
Тағы да
Үйлерін су басқан Қаратал ауылының тұрғындары қазіргі жағдайын айтты
100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды
Ақтөбелік әйел араб көйлегін алам деп алданып қалды