Ақтөбе облысында Шалқар-Бозой тас жолында болған жол апатынан тағы бір мектеп оқушысы көз жұмды деп хабарлайды Aqtobe Media.
Оқыс оқиғадан кейін 16 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр болған. Еске салайық, жол апаты 4 наурыз күні Ақтөбе облысындағы Шалқар-Бозой тас жолының 4 шақырымында болған еді. Мектеп оқушысы тізгіндеген Toyota Land Cruiser көлігі аударылып, салдарынан бір жасөспірім қыз оқиға орнында көз жұмып, 15-16 жастағы тағы төрт жасөспірім ауруханаға жеткізілген болатын. Ақтөбе облысы әкімдігінің басылымға берген мәліметінше, екінші жасөспірім қыз комада жатып, 5 наурыз күні кеште қайтыс болған. Оған ашық ми жарақаты, миға қан құйылу, мидың ісінуі, бас сүйектің сынуы деген диагноз қойылған. Қалған үш оқушының бірі амбулаторлық ем алу үшін үйіне қайтарылса, қалған екеуі Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында ем алуда.
Полицияның мәліметінше, жол апатына ұшыраған көлікті тізгіндеген жасөспірім ағасының жол талғамайтын көлігін рұқсатсыз алып кеткен. Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Тағы да
Үйлерін су басқан Қаратал ауылының тұрғындары қазіргі жағдайын айтты
100 жаңа жоба көрмесінде ақтөбелік қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды
Ақтөбелік әйел араб көйлегін алам деп алданып қалды