Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

Су арқылы жұғатын аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Су тасқыны болған жағдайда тек тасқыннан құтылудың емес, оның зардаптарынан да сақтану керек. Сондай-ақ ауыз суды да сақтықпен пайдаланған жөн, — деп хабарлайды AqtobeMedia.kz

Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды су арқылы жұғатын аурудан сақтануға шақырады. Мәселен, су тасқыны үйлер мен объектілерге қауіп төндіріп қоймайды, тасқынның бұдан да басқа зардаптары бар. Су басқан мүліктердің жарамсыз болып қалады, әрі дизентерия, іш тифі, А және В паратифі, тырысқақ, ротавирусты инфекциялар сияқты ішек инфекцияларының қолайсыз эпидемиялық жағдайларының өршуіне де әкеліп соқтыруы мүмкін. Әсіресе ауыз сумен жабдықтау объектілері су тасқыны кезінде еріген қардың лай суымен ластануы, жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Облыс бойынша 204 сумен жабдықтау объектілері бақылауда тұр. Былтырғы жылы тексеру нәтижесі бойынша бірқатар бұзушылықтар анықталды (ауыз су сынамаларының микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмеуі, су құбыры желілерін жоспарлы жуу, тазалау және дезинфекциялау жүргізу жөніндегі құжаттаманың болмауы, қызметкерлердің медициналық тексеруден уақтылы өтпеуі, өндірістік бақылау бағдарламасының болмауы).
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарға 28 әкімшілік іс қозғалып, 20 583 360 теңгеге айыппұл салынды. Соттың қарауына 7 әкімшілік іс жолданып, 2 873 097 теңгеге салынды. Медициналық тексеруден уақытылы өтпегені үшін декреттік топтағы 37 адам жұмыстан шеттетілді. Халықтың арасында сумен берілетін аурулардың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс жасалуда. Сонымен қатар өндірістік бақылау шеңберінде ауыз судың сапасын бақылаудың күшейтілген режимін белгілеу, төтенше жағдайлар орын алған кезде халықты алтернативті сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына апат анықталған уақыттан 24 сағат ішінде хабарлауды керектілігіне аса мән берілді. 2022 жылы су құбырларында 215 апаттық жағдай тіркеліп (2021ж.-239), барлығы уақытылы жойылды. 2021 жылмен салыстырғанда су құбырында тіркелген апаттар 1,1 есеге азайып отыр. Ағымдағы жылдың осы кезеңінде 27 апат тіркелді.
Көптеген ауруларды тасымалдайтын кеміргіштер су тасқынынан сақтану мақсатында тұрғын үйлер мен ғимараттарға енуінен адамдардың инфекциялық және паразитарлық ауруларды жұқтыру қауіпі ұлғаяды.
Су тасқыны кезінде инфекциялық және паразитарлық аурулардан сақтану үшін қарапайым, әрі тиімді қағидаларды ұстану керек, олар:
— ауланы тазалықта ұстау;
— ауыз суына тек қайнатылған немесе бөтелденген суды пайдалану;
-жеке үйлердің аумағында қазылған шұңқырлардағы тастандыларды уақытылы тазарту;
— жеке бас гигиенасын сақтау, әсіресе кішкентай балалардың күтімінде (дәретханадан кейін, жануарлармен қатынаста болғаннан соң, тағам дайындар алдында және қабылдар кезде қолды сабынмен жақсылап жуу);
— шаруашылық фермаларды тазалау кезінде қорғағыш қолғап қолдану.
Жіті инфекциялық аурулардың белгілері туындаған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, құсу, сұйық нәжіс және т.б. болғанда) тез арада медициналық көмекке жүгініңіз.