Март 21, 2023

«Aqtobe Media» ақпараттық-талдау агенттігі

«Түсімде аяғыммен жер басып, жүріп келе жатқанымды көремін». Мүгедек жігіт жан сырын ақтарды

«Түсімде аяғыммен жер басып жүріп келе жатқанымды көремін. Оянып, өңімдегі жағдайыма оралғанымда, шарасыз күйге түсіп ашуланатынмын»,-деп Ержан әңгімесін бастады. Осыдан 5 жыл бұрын Ержан көлік апатына ұшырады. Отыздан асқан жігіттің жамбасы сынып, төсекке таңылды.
31 жасына дейін тыным тауып көрмеген кенші жігіт бір мезетте сал болып қалды. Дәрігерлер омыртқасының ұнтақталып сынғанын айтады. «Басында мұндай өмірді мойындағымда келмеді. Мүгедек арбасына отырғым келмеді. Бірақ, уақыт өте бәріне де көнеді екенсің. Бұл жағдай ертеңгі күннен күдер үзбеуді үйретті»,- дейді Ержан.
Ержан қайткенде аяқтан тұрудың амалына кірсі. Әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі клиникаларды іздеді. Медициналық орталықтар жүріп кетуіне кепілдік бермек түгілі, бұл отаны қолдарына алудан да қашты. Себебі, қағазда «омыртқаның компрессионды ұсақталып сынуы» деген диагноз тұр. Ал бұндай ауыр сынықты кез келген клиника өз жауапкершіліге ала алмайды.
Тек өткен жылы Түркиядағы белгілі клиника өтініштерін қабыл алыпты. Отаның құны — 40 мың доллар. Хромтау ауданының Көктау ауылындағы қарапайым отбасыннан шыққан Ержанда бұндай ақша қайдан болсын. Қаржы жинауға жинақ ашқалы жатқанда анасы «Ақтөбе мыс» компаниясынан қолдау сұрап, өтініш хат жазды. Бұл компанияда Наурызбаевтар әулиеті жұмыс жасайды.
«Көп күттірмей, мекемеден хабар келді. Айналдырған бір-екі айдың ішінде барлығының реті келіп, балам Түркияға аттанды. Ота жасатты», — дейді анасы Алтыншаш апай.
Төрт сағатқа созылған отада жұлын симуляторы етке тігіледі. Бұрын жаттығу аппаратында бір минутта тұра алмайтын болса, қазір жарты сағатқа дейін өзі тұрады.
Ержан жақсылықтан үміт үзбейді. Қазірдің өзінде көлік жөндеп, дәнекерлеу жұмысында өзі жасап жүр. Мақсаты — аяғынан тік тұрып, шаңырақ көтеріп, мал шаруашылығымен айналысу.